Отыз жыл бойы Қазақстанда суперпрезиденттік басқару формасы қолданылды .
Осылай деген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанда бұрынғы саяси құрылым мен елді басқарудың қолданыста болған принциптері түбегейлі өзгергенін жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан" дейді дана халқымыз. Басқаша айтсақ, ондаған жылдар бойы нәтижесін беріп келген жүйе өз жұмысын тоқтатады деген сөз. Отыз жыл бойы Қазақстанда суперпрезиденттік басқару формасы қолданылды. Алайда, уақыт өте келе, ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген модель үлкен саяси дағдарысқа алып келді. Бұған негізінен мемлекетімізге бір ғана адам үстемдік етіп, елдің бар байлығын санаулы адам иеленуі себеп болды. Бұл жайт қоғамның ашу-ызасын туғызды және елдің дамуын тежеді", — деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошановтың сөзінше, үш жыл бұрын саяси жүйені жаңғырту процесін бастаудың маңызы зор еді.
"Бүкіл биліктің бір қолда шоғырлануына мүмкіндік беретін жүйеден бас тарту қажет болды. Әлемде болып жатқан жағдайлар көптеген елде жоғарғы билікті басқа саяси институттарға беру және табыстау әлі күнге дейін түрлі дау мен пікірталасқа ұласатынын көрсетіп отыр. Біздің елімізде Президент, керісінше, өзінің жеке бастамасы бойынша өкілеттіктердің бір бөлігін қайта бөліп, бір реттік жеті жылдық мерзімді енгізді. Осылайша, суперпрезиденттік басқару моделінің дәуірі аяқталды. Яғни, елімізде бұрынғы саяси құрылым мен елді басқарудың қолданыста болған принциптері түбегейлі өзгерді", — деді ол.
Айтуынша, билік тармақтары арасында оңтайлы тепе-теңдік сақталатын, мемлекеттік-саяси құрылымның мүлде жаңа моделі қалыптасты.
Мәжіліс спикері енді Президенттің жанында жаңартылған, қажетті өкілеттіктері бар және қоғамның сеніміне ие болған Парламент, Үкімет, Конституциялық Сот және саяси партиялар пайда болғанын баса айтты.
"Әр іс-әрекеттен заң мен тәртіпке деген құрмет көрініп тұратын әлеуметтік мемлекеттің айшықты бейнесі айқандалып келеді. Осы сәттен бастап Әділетті Қазақстан жай ғана ұран емес, нақты мүмкіндікке айналды", — деп атап өтті Қошанов.