Табиғат-ананың мейірімінде шек жоқ. Түркі абызы Жүсіп Баласағұнның «Кімде-кім жапырақтан алмаса тәлім, оны оқыта алмас еш мұғалім » деген даналығында мән бар. Неге десеңіз, тоғыз түлеп, тоқсан шалқыған табиғат тылсымы адамзатқа жаңаруды, тазаруды өз құбылыстары арқылы үйретіп келеді. Наурыз мерекесіндегі Жаңару күні біздің сол табиғатпен бірге жаңаруымызды, рухани түлеуімізді меңзесе керек.
Қай тұрғыдан қарасақ та, жаңару күнінің тамыры тереңде. Наурыздың шуақты күнінде бабаларымыз күнәдан тазаруды мұрат тұтып, бір-бірін кешіріп, киім-кешектерді тазартып, үйді жинап, өкпе-реніш пен өшпенділікті ұмытқан. Сондай-ақ бұл күні ежелде Шығыс елдері кез келген соғысты тоқтатқан деседі. Қазақ ақсақалдары дауласқанның дауына тоқтау айтып, ру-тайпалардың одағын бітімге келтірген. Этнограф Болат Бопай Жаңару күнінің мағынасы жөнінде былайша ой өрбітеді.
– Табиғат жаңарып жатыр, аю, жәндіктер тоғызыншы наурыздан бастап ояна бастайды. Жердің астындағы өсімдіктердің тамыры тырс етіп жарылып, көктеуге бет алады. Індегі тышқандар жердің бетіне шығып, жорғалай бастайды, – деп этнограф өз ойын жалғады.
– Табиғат-анамыз осылай жайқалып, жаңарып жатқан кезде адамдар да жаңаруға бет алған. Сынық ыдыс, ескі киімдерді тастап, жаңа киім киюге, жаңа ниетке, жаңа өмірге ұмтылған. Осылай дүние түлеп жатқан кезде Қыдыр ата жерге түседі деп, қазақтар төрге қос шырақ жағып, есікті ашып қойып, Қыдыр атаны күзетіп отырған. Қыдыр ата – бақ иесі, оның қасында бақ баласы еріп жүреді екен, қолында бақ қамшы деген болады. Сонымен бірге жұртымыз бұл күні тал егуді, орман егуді бастаған. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген нақыл бар. «Орман – елдің дәулеті, жердің сәулеті» дейді, «мың ағаш ексең, елге салған қорғаның, бір ағашты қиратсаң, елге салған ойраның» дейді. Орманды күзететін Мизан ата деген орман пірі болады, – дейді этнограф.
Расында, Жаңару күні бүгінгі уақытқа дейін өзектілігін жоғалтпай, керісінше жаңғырып отыр. Бұл шақта адамдар алдына жаңа мақсаттар қойып, жаңа жобалар бастап, өмірін жақсарту бағытында шешімдер қабылдайды. Есік алдына ағаш отырғызып, жарқын болашаққа ниет етеді.
Наурыздың тарихнамасын парақтасақ, біз іздеген барлық қазына табылары хақ. Еуропалық саяхатшыларды мамыражай дәстүр-әдебімен таңдандырған ұлық мереке татулықты ту етіп, ұлттық кодты әйгілейтін белгілерге толы. Ұлыстың ұлы күні турасында тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев:
– Наурызға қатысты мейрамдардың, дәстүрлердің көпшілігі әлі орындалмай келеді. Бұл – этнографтардың және көп нәрсені құлаққа ілмейтін қоғамның кінәсі. Наурыздан бір апта бұрын басталатын Көрісу ғұрпы бар. Көрісудің өзі шап беріп қол алысып, құшақтасу ғана емес. Ертедегі жұрт бір-бірімен «Қыстан аман шықтың ба, мал-жан аман ба, шаруашылығың жақсы ма» деген сарында өлеңдетіп көріскен. Наурыз мейрамы айдың 21-інен 22-сіне қараған түні тойланған. Ерте уақытта әр елдің есепшілері күн мен түннің теңелгенін есептеп отырған ғой. Мен жақсы көретін сүйікті авторлар – Фон Герн, Нельсон Фелл қазақ даласында көп болған екен. Сол ғалымдар «Еуропалықтар сағатына қалай қараса, қазақтар да аспанға солай қарайды» деп естелік жазып кетіпті. Бұл біздің дала есепшілерінің, ұлы дала ғұламаларының даналығын білдірсе керек-ті. Нельсон Фелл: «Қазақтардың Наурызды қарсы алуы өте қызық. Олар алдын ала дайындалады. Ақсақалдар қырдың басына шығып, күн мен түн теңелгенін күтеді. Жаңа ай туды деген уақытта тойлауды бастап кетеді» деп жазыпты. Сондықтан тура наурыздың 21-і немесе 22-сі деген қатып қалған уақыты жоқ. Барлығы астрономиялық күн қозғалысына байланысты, – дейді.
Иә, қазақтың дүниетанымы, рух шежіресі даналыққа толы. Нағыз қазақ бола білу қиын, бірақ қазақ болу – үлкен бақыт.
Жаңару күні – наурыз мерекесінің ең құнды бөлігі. Тіпті мерекенің негізгі мәнін ашатын бірегей концепциясы десе болады. Наурыз сөзі «жаңа күн» деген ұғымды білдіреді десек, жаңарған күн – бізге толағай мағына жүктеп тұр. Жаңарудың ең үлкен дәрежесі – ойдың, ақылдың, рухтың жаңаруы. Ал бұл қасиеттердің төркіні кісіні кешіре білуде жатқаны даусыз. Бабаларымыз осы күні бір-бірін кешірсе, жүректегі дақты өшіргені, ақылды нұрландырғаны деп түсінсек болады. Мәшһүр Жүсіп «Қазақта екінің бірі – әулие» дегені бар, сол әулиеліктің құпиясы жан тазалығында, үнемі жаңғырып отыруында, кешірімшіл болуында тұрса керек. Сондықтан Жаңару күні – ұлтымыз үшін маңызы зор мереке. Болашақта бұл күннің рухани тұрғыдан заманға сай жаңа концепциясын жасай білсек, нұр үстіне нұр.