Елорданың іргесіндегі Қараөткел елді мекенінің тұрғындары дабыл қағып жатыр. Ауыл қалың қардың құрсауында. Күн жылып, қар еріп жатыр. Уақытылы шығарылмаса, суға кетеміз деп алаңдайды жұрт. Ал Қараөткелдің балалары сол қар мен суды кешіп, сабаққа жаяу қатынауға мәжбүр. Күзде ғана ашылған мектепте 4 автобус болғанымен, бір айдан бері шопыр жоқ. 36 мың адам тұратын ауыл қар құрсауынан қашан босайды?
Астанадан оншақты шақырым қашықтықта тұрған Қараөткел елді мекені. Ауылға кірсең, осылай қалың иттер қарсы алады. Мүмкін ҚараИткел деп атау керек шығар. Енді екі аптада сәуір айы басталады. 36 мыңнан аса тұрғыны бар ауыл әлі қар құрсауында.
Жолдың табаны күрелгенімен тротуар жоқ. Оқушыларға осылай амалдауға тура келеді. Көлік кезіксе қар кешіп омбылайды, одан қалды тобықтан су кешеді.
Биылғы оқу жылының басында ғана қолданысқа берілген Қараөткелдегі мына мектепте 4 автобус бар. Бірақ 1 айға жуық уақыт болды. Осында оқитын балалар тар көшеде итпен жағаласып, қар кешіп, жаяу қатынауға мәжбүр. Неге екенін мектеп басшылығынан сұрайық деп келіп едік. Құлып салып қойған. Шамасы біздің келетінімізді естісе керек.
Гүлнұр Аманова, Қараөткел ауылының тұрғыны:
-Мектептің аты айтып тұр ғой, жайлы мектеп. Жайлы мектеп болғаннан кейін ол бар жағынан жайлы болу керек.
Ай бұрын осы мектеп лицейдің ауласында 10 жастағы оқушы қыз автобустың астына түсіп көз жұмған болатын.
Гүлнұр Аманова, Қараөткел ауылының тұрғыны:
-Сол күннен бастап автобус мәселесі бізде тоқтады. Ол не үшін тоқтады? Өйткені жалақы аз. Ешкім қазір ондай жалақыға, ауылдық жер болса да, ондай жалақыға келгісі келмейді. Жүргізушілер 160 мың мен 170 мыңның ортасында алды деп естідік. 1,5 ставка. Қазіргі таңда жалақыны 300 мыңға көтерді деп жатыр. Қазіргі мынау қымбатшылық заманда жүргізушілерге 300 мыңның өзі аз.
Мектеп басшылығымен жолыға алмадық. Ауыл әкімі телефон арқылы жағдайды былай деп түсіндірді.
Бауыржан Абзалбеков, Қараөткел ауылдық округінің әкімі:
-Негізгі себеп жалақы емес, балалар үшін жауапкершілік. Жүргізуші вакансиясына адам іздегенде жауапкершіліктің ауыртпалығы болар, ешкім келіспеді.
Ал әкімнің өзіне халықтың жұмсартып айтсақ базынасы бар. Қараөткелде 5 мыңнан аса үй бар. Көшелердің бәрі тау-тау үйілген қардан аяқ алып жүргісіз. Күн жылынған сайын тұрғындардан маза қаша бастады.
Жұмагүл Қожахметова, Қараөткел ауылының тұрғыны:
-Әкім чатқа жібереді, міне қар тазалап жатырмыз деп. Білмим қай жақтың қарын тазалап жатқанын, әйтеуір жіберіп жатады. Қардың бәрі тұр сол қалпы. Су кепе жатыр. Масқара еріп жатыр.
Ауыл әкімі қар тазалауға екі конкурс жарияланып, ол өтпей қалғанын хабарлады. Ер кезегі үшке дейін, қар шығаратын мердігер бүгін анықталады деп отыр.
Бауыржан Абзалбеков, Қараөткел ауылдық округінің әкімі:
-20 мың текше метр қар шығарылды. Мердігер өз бюджеті шеңберінде қойылған міндетті орындады. Алайда ақпанда бірнеше боран болып, шынын айту керек бүкіл еңбекті зая кетірді. Демеушілік көмекке берілген 20 млн теңгемен қосымша амалдадық.
Әкім атап өткендей көшені күреуге қыс мерзіміне 50 млн тг, ал қарды шығаруға 100-150 млн тг қажет екен. Ондай қаражат түсіне кіретінін айтады. 36 мың адамның 12 мыңы ғана Қараөткел тұрғыны ретінде есепте тұр. Қалғаны қалаға тіркелген. Ауданнан сол 12 мың адамға шақтап қана бюджет береді дейді. Ал қазір қарды шығаруға 34 млн тг қарастырылыпты. Ол қар құрсауындағы Қараөткелді ертеңгі су басудан аман алып қала ма? Бұл сұрақтың басы әзірге ашық.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Қали Несіпбаев, Қанат Әбілдин