Ақтөбе облысында жаңа театр құрылысы қашан басталады?

Жаңалықтар

Ақтөбе облыстық драма театрында қазақ және орыс труппасы кезектесіп өнер көрсетеді. Ел Президентінің өңірге жұмыс сапары кезінде мәдениет жанашырлары қазіргі ғимараттың әбден ескіргенін де айтқан еді. Мемлекет басшысы облыс әкіміне жаңа мәдениет ошағын салу туралы тапсырма берді. Жаңа театр құрылысы қашан басталады?

Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының ғимараты өткен ғасырдың 40-шы жылдары салынған. Соңғы рет 5 жыл бұрын күрделі жөндеуден өтті. Қазір мұнда қазақ және орыс труппалары бар. Ортақ кесте жасақталып, қос ұжым бір сахнада кезекпен өнер көрсетеді. Алайда...

Бағдат Тілеуғалиев, Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театры қазақ труппасының көркемдік жетекшісі:

-Біздер аптасына үш күн сахнада боламыз. Қалған үш күнді орыс труппасына берген кезде біздер тек репетициямен ғана айналысамыз. Ал көрерменмен жүздесетіндей, спектакль ойнайтындай мүмкіндік болмайды. Өйткені сахна бос емес.

Бұл мәселеден хабардар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне жаңа театр салуды тапсырды. Мамандар дереу іске кірісіп, қос сахнасы бар, заманауи ғимараттың сызбасын дайындаған. 700 орындық театр Алтын Орда шағын ауданында бой көтермек.

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

-Қазіргі таңда жобаның 70% жуығы жасақталып тұр. Осы алдағы сәуір-мамыр айларында мемлекеттік сараптамаға кіріп одан кейін осы жазда құрылыс жұмыстары басталатын болады.

Қазір облыс орталығында бюджет есебінен қаржыландырылатын 4 театр бар. Өңірдегі мәдениет басқармасы өкілдерінің айтуынша, әр жаңа туындыны сахналау үшін қуыршақ театры 2 млн-нан 4 млн теңгеге дейін қаржы жұмсаса, драма театрына шамамен 5-8 млн теңге қажет. Сондықтан ел Президенті кәсіпкерлерді өнерге қолдау көрсетуге шақырды.

Алтынай Юнисова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасының басшысы:

-Спектакльде пайдаланатын реквизиттер, спектакльдің костюмдері барлығы қомақты қаражатты қажет етеді. Енді елім деп, жерім деп патриоттық сезімдері жоғары кәсіпкерлер пайда болып жатса, біз әрине қуаныштымыз. Бірге жұмыс жасауға дайынбыз.

Жаңа мәдениет ошағының құрылысы биыл басталып, екі жыл ішінде пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Авторлары: Мансұр Ескожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов