Қазақстандағы USAID ұйымының қызметі тексеріледі

Жаңалықтар

USAID ұйымына қатысты мәселелер әлем назарында.

Қазақстанда USAID ұйымының қызметіне егжей-тегжейлі талдау жүргізіледі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттардың сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2024-2025 жылдары USAID бағдарламаларын Десента" ҚҚ, "Қадір-қасиет" ҚБ, ҚР "EURASIA FOUNDATION" өкілдігі, ҚР "Winrock International" өкілдігі, ҚР "Internews Network" өкілдігі, ҚР "Американдық адвокаттар қауымдастығы" өкілдігі сияқты отандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырған.

"ҚР Әділет министрлігі қазіргі уақытта мемлекеттік органдарға осындай зиянды "демеушілік" жобалардан балаларымызды қорғауды және психоэмоционалдық, менталдық, физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін заң жобасын әзірлеу мәселесін пысықтау үшін тиісті сұраныс жолдады. Жоғарыда баяндалғанның негізінде, қаржыландырылатын жобалар мен бағдарламаларды, олардың мақсаттарын, белгіленген мақсаттардың нақты нәтижелерге сәйкестігін зерделеу бойынша USAID қызметіне егжей-тегжейлі талдау жүргізу бөлігінде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады", — делінген жауапта.

Серік Жұманғариннің сөзінше, USAID елдік стратегияларын және USAID-тың басқа ұйымдармен, соның ішінде үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынасын олардың USAID мақсаттарына ықтимал әсерін бағалау үшін зерттелетін болады. Бұдан басқа, ықтимал жасыру схемаларын, қаражатты пайдаланудағы сәйкессіздіктерді және мүдделер қақтығысын анықтау үшін қаржылық ағындарды талдау қажет, дейді ол.

Екіжақты келісімдер шеңберінде АҚШ Мемлекеттік департаментінің ақпаратына сәйкес 2024 жылы елде USAID-пен түрлі бағыттар бойынша 28 ұзақ мерзімді бағдарлама іске асырылған.

Жалпы 2023-2024 жылы USAID тарапынан елдегі орындалып отырған бағдарламаларға 26,5 млн доллары бөлінген. Қаржы экономика, энергетика, денсаулық сақтау, азаматтық қоғам және БАҚ саласына бағытталған.

Айта кету керек, осыған дейін АҚШ USAID бағдарламаларының 83%-ын жабатынын жазған болатынбыз.