Елордада бұрын орындалмаған 30-ға жуық халық әні шырқалады

Жаңалықтар

Тарихтан білетініміздей алаштың айбоз әншілері мен дауылпаз күйшілері той-думанның көрігі – жәрмеңкелерде шығармаларын әуелете орындайтын болған. Дала сахнасы саналған жәрмеңкелерде өнерпаздар жаңа шығармасын елге орындап, түрлі өнер сайыстарына түседі деседі. Бүгінгі күнде де ол дәстүр үзілген жоқ.

Ұлыстың ұлы күніне орай 20-21 наурыз күндері Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы «Біздің жәрмеңке» – ұлттық өнер мерекесін ұйымдастырады.

Қазақконцерттің «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы көрермен назарына Қоянды, Көкжар, Қараөткел сынды тағылымы мол тарихи жәрмеңкелерді жаңғыртқан, дәстүрлі өнердің барлық тұстарын қамтыған жаңа форматтағы думанды кеш ұсынады.

Концерттің жаңалығы – бұрын-соңды орындалмаған 30-ға жуық халық әндері шырқалмақшы.

Ән-күй думанына Жанғали Жүзбай, Айгүл Елшібаева, Медет Салық, Клара Төленбаева, Ерболат Шалдыбеков сынды өнерпаздар қатысады.