ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook желісіндегі парақшасында Мемлекеттік органдар мен журналистер арасындағы қарым-қатынас мәдениеті туралы өз пікірін білдірді. Министр бұл мәселені Мәжілісте журналист Мадина Жатқанбаеваға қатысты орын алған оқиғамен байланыстыра отырып, ақпарат саласындағы этика мен сыйластық қағидаттарының маңыздылығын атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, журналистердің аккредитация талаптарын сақтауы маңызды болғанымен, мемлекеттік қызметкерлер де БАҚ өкілдеріне кәсіби жұмысына кедергі келтірмей, құрметпен қарауы тиіс.
«Мемлекеттік органдар ұйымдастыратын іс-шараларда журналистер белгіленген аккредитация талаптары мен регламентті қатаң сақтау қажет екенін естен шығармағаны жөн. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер де бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне құрметпен қарап, олардың кәсіби қызметіне кедергі келтірмеуге тиіс», деді Аида Балаева.
Сонымен қатар Аида Балаева министрлік осы мәселеге байланысты мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерімен бірлескен жиын ұйымдастырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен билік арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту жұмыстарын күшейтетіндігін атап өтті. Сондай-ақ Ақпарат комитеті де журналистермен конструктивті диалог орнату бойынша жұмысты жандандырады.