Оқушылардың емтихан кестесіне өзгерістер енгізілді

Жаңалықтар

Биыл оқушылардың қай күндері қорытынды емтихандарын тапсыратыны белгілі болды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оқу-ағарту министрлігі 2024-2025 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдеріне, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарында қорытынды аттестация өткізу кестесіне өзгерістер енгізу туралы бұйрық дайындады.

Құжатта қорытынды аттестацияның мерзімдері ұсынылған.

Олар мынадай:

9 (10) сынып оқушылары үшін бітіру емтихандары – 2025 жылғы 29 мамыр – 10 маусым аралығында (бұрын 9 маусымғадейін жоспарланған).

11 (12) сынып оқушылары үшін мемлекеттік бітіру емтихандары – 2025 жылғы 30 мамыр – 16 маусым аралығында (бұрын 13 маусымға дейін болған).

Өзгерістердің басты себебі – Құрбан айт мейрамы, ол ресми мереке және демалыс күні болып белгіленген.

Министрлік бұл өзгерістер оқушылардың кеңес алуына қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ қорытынды бақылау нәтижелерімен келіспеген жағдайда апелляциялық комиссияға жүгіну мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отырғанын мәлімдеді.

Қорытынды аттестацияның нақты күндері

9 (10) сынып оқушылары үшін:

— Математика (алгебра) пәнінен жазбаша емтихан – 29 мамыр 2025 жыл.

— Қазақ тілі/орыс тілі және ұйғыр/тәжік/өзбек тілінде білім беретін мектептер үшін ана тілі пәнінен эссе жазу – 2 маусым 2025 жыл.

— Таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 5 маусым 2025 жыл.

— Қазақ тілі мен әдебиеті (орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік сыныптары үшін) немесе орыс тілі мен әдебиеті (қазақ сыныптары үшін) пәнінен жазбаша емтихан – 10 маусым 2025 жыл.

11 (12) сынып оқушылары үшін:

— Қазақстан тарихынан ауызша емтихан – 30 мамыр 2025 жыл.

— Алгебра және талдау бастамалары пәнінен жазбаша емтихан – 4 маусым 2025 жыл (бұрын 3 маусым болған).

— Қазақ тілі/орыс тілі және ұйғыр/тәжік/өзбек тілінде білім беретін мектептер үшін ана тілі пәнінен жазбаша емтихан – 9 маусым 2025 жыл (бұрын 6 маусым болған).

— Таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, құқық негіздері, әдебиет, шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 12 маусым 2025 жыл.

— Қазақ тілі мен әдебиеті (орыс/ұйғыр/өзбек/тәжік сыныптары үшін) немесе орыс тілі мен әдебиеті (қазақ сыныптары үшін) пәнінен жазбаша емтихан – 16 маусым 2025 жыл (бұрын 13 маусым болған).

Бұл құжат Ашық НҚА порталында жарияланды және 2025 жылғы 7 сәуірге дейін қоғамдық талқылау үшін қолжетімді.