Бұл жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 160 млн теңге бөлінген .
Солтүстік Қазақстан облысында биыл мәдениет нысандарын күрделі жөндеуге және жаңа жобаларды жүзеге асыруға 1 млрд 141 млн теңгеден астам қаражат жұмсалмақшы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Петропавлда "AMANAT" партиясы жанындағы республикалық "Miras" қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиын СҚО-ның мәдени мұрасын сақтауға және насихаттауға арналды.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдіриісовтің мәліметінше, биыл 13 мәдениет нысанын күрделі жөндеу міндеті тұр. Салаға "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасы бойынша 382,1 млн теңге, облыстық бюджеттен 759 млн теңге бөлінген.
"Биыл атқарылар жұмыс ауқымды. Қарасай-Ағынтай мемориалдық кешенінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіледі. Бұл жоба екі жылдық, 200 млн теңге бөлінген.
Уәлиханов ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесін күрделі жөндеу үшін 150 млн теңге жұмсалады. Айыртау, Мамлют және Жамбыл аудандарындағы мәдени орталықтар да жөнге келтіріледі", — дейді Досбол Әбдіриісов.
Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық мұрасын зерттеуге арналған "Мағжан орталығы" жаңа мәдени орталығы ашылады. Бұл мақсатқа 243 млн теңге бөлінген.
"Ұлттық бірегейлікті нығайту және археологиялық мұраны дәріптеу мақсатында Петропавл қаласының кіреберісінде "Ботай" археологиялық ескерткішіне арналған монументалды ескерткішті орнату жоспарланған. Бұл жобаны жүзеге асыруға 160 млн теңге бөлінді", — дейді басқарма басшысы.