Петропавлдық ғалымдар көлдерді табиғи жолмен тазартып, оттегімен байытудың жаңа әдісін ұсынады, деп хабарлайды 24KZ. Олар «Хлорелла» деп аталатын балдырларды өсіріп, су айдындарына жібереді. Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл су экожүйесін жақсартып, мұз астындағы балықтардың тұншығып қалуының алдын алады.
Мына көлдің құрамындағы оттегінің мөлшері литріне 7 миллиграмды көрсетті. Бұл балық үшін өте қолайлы жағдай. Владимир Весновский су айдынына төртінші жыл қатарынан балдыр жібереді. «Нәтижесінде көл тазарып, «су маржандары» да қыстан аман шығады», – дейді кәсіпкер.
Владимир Весновский, балық шаруашылығының директоры:
- Ең бастысы балдырлар көлді жақсы тазартады. Өйткені айналамызға егін егіліп, химиялық заттар себіледі. Жаңбырдан кейін улы заттар суға түседі. Сондықтан бұл әдістің пайдасы өте зор.
«Хлорелла» деп аталатын балдырлар суды биологиялық жолмен тазартады. Бұл судағы тіршілікті қалпына келтіріп, қыстың күні балықтарға оттегі қорын қалыптастырады. Петропавлдағы ғылыми-техникалық орталық жылына оның 600 тоннасын шығарады.
Александр Рейбандт, ғылыми-технологиялық орталықтың директоры:
- Хлорелла дегеніміз мынау. Енді жетіліп келе жатқан жасыл жасуша. Бұл балықтың дәміне де оң әсерін тигізеді. Балдырлар зиянды заттармен қоректеніп, судың жағымсыз иісін кетіреді.
Ғалымдардың айтуынша, көлдің бір гектар аумағына 3-4 литр балдырлы су жетеді. Әзірге бұл әдіс еліміздегі 140 көлде қолданылған.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков