Ұлттық киім – ұлттың айнасы. LIVE

Жаңалықтар

Наурызнама тұжырымдамасы аясында бүгін Түркістан қаласындағы «Этноауыл» кешені аумағында «Түркістан жауһарлары» атты ұлттық киім үлгілерінің сән көрсетілімі өтіп жатыр. Онда қазақ халқының ұлттық киім үлгілері мен әже-аналардың да ұлттық киім үлгілерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Бүгін елдің ықылас-пейіліне орай Түркістанда ауа райы тамаша болып тұр. Жадырап шыққан күн мен жүздері бал-бұл жанған ұлттық киімдегі қыз-жігіттер мерекенің ажарын аша түсті. Мұнда мерекелік көңіл күй бірден байқалады.

Қазақтың ұлттық киімдерінің сән-салтанаты мен алуан түрлілігі, олардың тарихы мен мәдени маңыздылығы қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Шапан, сәукеле, кимешек, камзол, бүрмелі көйлек сияқты заманауи үлгіде тігілген ұлттық киім көздің жауын алады. Әрбір киімнің өзіндік мәні мен ерекшелігі бар, олардың жасалу әдістері мен қолданылу дәстүрі келушілерге кеңінен таныстырылды. Сондай-ақ ұлттық киім үлгілерінің аймақтық ерекшеліктері көрсетіліп, олардың безендірілуі мен символдық мағынасы түсіндірілді.

Бұдан бөлек, көрме қонақтары қазақтың ұлттық киімдерін киіп, арнайы фотоаймақта суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге ләңгі тебу, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, арқан тарту, садақ ату, қолкүрес, гір тасын көтеру сияқты ұлттық ойындар мерекенің көрігін қыздырды. Ал он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары келушілердің қызығушылығын тудырды. Мерекелік шараның соңы «Яссы» халықтық этнофольклорлық ансамблінің концертімен түйінделеді деп күтіліп отыр.