Қазақстанның білікті мамандары жаппай шетелге қоныс аударып жатыр

Жаңалықтар

Мамандар азаматтардың өзге елге қызметке кеткенін әртүрлі жағдаймен байланыстырады.

Елімізден білікті мамандар кетіп жатыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

EconomyKZ сарапшыларының ақпараты бойынша, кейінгі бір жылда 13 мыңға жуық қазақстандық өзге мемлекеттерге қоныс аударған екен. Дені — жоғары білімі бар азаматтар.

Қоныс аударған жерлестеріміздің көбі ТМД елдерін таңдаған. Қазақстан да еңбек мигранттарына есігін айқара ашқан елдің бірі. Мысалы, былтыр 30 мыңға тарта адам келген. Еңбек мигранттарының дені құрылыс саласында жұмыс істейді.

Мамандар азаматтардың өзге елге қызметке кеткенін әртүрлі жағдаймен байланыстырады. Негізгісі жұмыссыздық пен жалақының аздығы дейді.

"Бізде өте талантты жастар көп. IT мамандар, ғылым саласындағы жастар. Бірақ соның көбісі шетелге кетіп жатыр. Өйткені, ол жақта қолдау мықты. Мемлекет тарапынан жалақысы жақсы. Мүмкін болашақта біздің жастарымыз шетелден тәжірибе алып келетін шығар. Бірақ, ол үшін мемлекеттен қолдау қажет", – дейді экономист Меруерт Әбдірахманова.