Алматыда 20 жастағы келіншек 6- қабаттан секіріп кеткен: тың деректер белгілі болды

Жаңалықтар

Алматы облысында алтыншы қабаттан құлап қайтыс болған 20 жастағы келіншектің өліміне қатысты тың деректер белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

KTK арнасы таратқан мәліметте, қайғылы оқиға 9 наурызда "Асыл арман" тұрғын үй кешенінде болды. Ажар Тәуекелқызы 6- қабаттағы балконнан құлаған.

Жерге түскен сәтте тұрғындар көмекке ұмтылғанымен, құтқарып қала алмаған. Келіншек бірден жан тапсырған. Марқұмның биіктен құлаған сәтін көршілері көріп, видео түсіріп алған. Бір күн бұрын, яғни 8 наурызда тура сол пәтерден айқай-шу естіген.

Бір зат түскендей дүрс ете қалды. Қызым жүгіріп барып қараса, іш киіммен бір қыз жатыр. Біз жедел дәрдем шақыр деп айқайладық, — дейді көршісі Тасбике Тұрымтаева.

Ажардың өліміне қатысты бір аптадан бері 105-бап, яғни өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бойынша тергеу жүріп жатыр. Бірақ марқұмның жақындары «өзі секіріп кетті» деген нұсқамен келіспейді. Себебі, мәйітті көрген кезде жағасын ұстап шошыған. Сол күні пәтерде күйеуі мен енесінен бөлек, тағы екі адамның болғанына сенімді. Тойлап, ішіп, араларында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан дейді әкесі.

Кішкентай немеремнің киімін алуға қарындасым кірген. Қараса, қан, тіс жатқан. Кәдімгі үш түбірі бар тіс көрдім дейді. Балконнан төрге дейін аққан қанның ізі бар, — дейді әкесі.

Марқұмның туысы иығы көгергенін айтады. Дәм-тұзы небәрі 20 жасында таусылған Ажар — үйінің үлкені. Отбасында жалғыз қыз. Осыдан үш жыл бұрын өзінің сыныптасына тұрмысқа шыққан. Содан бері таяқтан көз ашпады деп отыр жақындары. Тіпті екі рет үйіне қашып келген. Бірақ жары жалынып-жалбарынып қайта алып кетіпті.

Жігіттің жасы 24-те. Анасымен бірге тұрады. Қарақалпақстаннан көшіп келген. Екеуінің де тұрақты жұмысы жоқ. Құрылыста жалданып жұмыс істеген. Қайғылы оқиғаға қатысты қазір полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.

Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс тіркеді. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді, — деді полиция өкілі.

Марқұм Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде үшінші курсында оқыпты. Қазақ тілінің мұғалімі боламын деп армандаған. Артында бір жастан асқан ұлы қалды.