Астана әуежайында ер адам жарылғыш заттың муляжын алып өтпек болған

Жаңалықтар

Ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ер адамға қатысты істі қарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Астана қалалық сотына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, ер адам Астана халықаралық әуежайында тексеруден өту кезінде өзімен бірге жарылғыш заттың муляжын сақтаған.

"Осылайша ол қоғамдық тәртіпті, жеке тұлғалардың тыныштығын және әуежайдың техникалық процестерін қасақана бұзып, жолаушылар мен әуежай қызметкерлерінің эвакуациялануымен дабыл жарияланып, нәтижесінде рейстің кешігуіне әкеп соққан. Сотта П. құқық бұзушылық фактісін мойындап, жасаған әрекетіне өкініп, алдағы уақытта мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеуге уәде берді. Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайлары, өзіне қатысты іс қаралып жатқан адамның түсініктемелерінен басқа, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, муляжды тәркілеу актісімен, сондай-ақ инспектордың хаттамасымен расталды", — делінген хабарламада.

Сот қаулысымен ер адам ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Жаза қоғамға теріс әсер еткен және қоғамға құрметтемеушілік білдірген, белгіленген қоғамдық тәртіпке қол сұғатын және кінәлі адамның да, оның айналасындағылардың да өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып белгіленеді.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.