Жақында Арқаның сұлу мүсін Көкшетауының баурайы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Әсіресе төл мәдениетіміздегі әз-Наурыз мейрамының орны бөлек. Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады», деген болатын.
Президентіміз айтқандай, Наурыз мерекесін атап өтудің онкүндігінің бірі – 17 наурыз – «Мәдениет және ұлттық дәстүр күні» болып белгіленді. Тереңнен тартып түсіндірер болсақ, қоғамға ұсынылып отырған жоғарыдағы ұғым-сұрақтардың рухани желісі мен мәдени кеңістігі Наурыз мерекесімен тұтасып жатыр.
Мысалы, Наурыз мейрамының «Ұлыстың ұлы күні» деп аталатын балама ұғымы бар. «Ұлыс» – дегеніміз көне түркі тілінде «мемлекет» деген мәнге ие атау. Қазіргі таңда отандық тарихшылар тарапынан айтылып һәм жазылып жүрген «Жошы ұлысы» немесе «Ұлық ұлыс» терминдері көнелік үрдістің сорабы.
Наурыздың бір қыры – ұлыс мәдениетінің ұстыны ретіндегі маңызы. Ертеде бұл күні бұқара халық өздерінің далалық рухани өрісін мадақтайтын болған. Яғни ұлыс мейрамын көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, жыр жырлап, ән шырқаған, жақсы киімдерін киіп, салтанатын асырған. Бұл сөзімізге дәлел көне ілім білгірі һәм озық ойлы ғұлама Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының Наурыз мерекесі туралы жазған жырында:
«Ұлыстың ұлы күнінде,
Бай шығады балбырап.
Қасында жас жеткіншек,
Тұлымшағы салбырап.
Келіншек шығар керіліп,
Сәукелесі саудырап.
Қыз шығады қылмиып,
Екі көзі жаудырап.
Түтіні шығар бұрқырап» – деп, далалық мәдени болмыстың мереке күнгі келбетін сипаттаса, тағы да ел аузында сақталған мына бір жырда:
«Ұлыс күні кәрі-жас,
Құшақтасып көріскен,
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өрістен,
Шалдар бата беріскен», – депті. Осы жыр шумақтарынан бабаларымыздың дәстүрлі мәдениетінің далалық көрінісін аңғарамыз. Алдағы күндері мейрамның жоғарыдағыдай мәдени–көпшілік сипатын ескере отырып, заманауи жетілген үлгісін қоғамға орнықтырған дұрыс деген пайымдамыз.
Ал ұлттық дәстүр хақында айтар болсақ, бұл өте ауқымды ұғым. Социолог қоғамтанушылардың негіздеуіне қарағанда, қандай бір этносқа тән ұлттық дәстүрді даму үрдісіне қарай: рухани және тұрмыстық деп екі үлгіге бөліп қарайды. Кеңестік кезде көп айтылатын «сананы тұрмыс билейді» деген тәмсілдің негізі мұндағы біздің пайыммен өзектес.
Ендеше, Наурыз мейрамының ұлттық-тұрмыстық маңызына тоқталсақ, мерекенің басты ұстыны – татулық тұжырымдамасы. Татулық деген – қай заманда да қоғамды тұтастырып тұратын керемет күш. Атам қазақ «татулық бар да, ынтымақ пен бірліктің туы биік» деп бекер айтпаған. Сондай-ақ «ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген екен. Бұл күні ренжіскен адамдар бір-бірін кешірісіп, татуласады, жаңа күнге өткеннің реніш-өкпесін тастап жаңа леппен, таза санамен кіреді. Бір жағынан бұл – қоғамдық жаңару, жаңғыруды тудыратындықтан үрдіс.
«Наурыз күні аузы дуалы ақсақалдардың алдында түзелмейтін іс, бітіспейтін дау, шешілмейтін шаруа болмайды. Осылайша, ел бірлігін сақтау, қауымның берекесін нығайту – Наурыз тойының шын арқауы, өзекжарды міндеті» деп жазады семейлік наурызтанушы Молдабек Жанболатұлы «Наурызнама» атты кітабында.
Келесі кезекте айтарымыз, Наурыз – еңбек мейрамы. Яғни наурыз туғанда жердің тоңы жібиді, қыстай қатып жатқан қары ериді, сай-сала суға, жер беті нуға толады. Бұл уақыт – жер емшегін емген бұқара үшін еңбек майданы басталатын күн. Яғни диқандар егіс алаңын түзейді, арықтарға су жібереді, жаңадан жеміс ағаштарын отырғызады... Атам қазақтың «Бұлақ көрсең көзін аш», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», т.б. мақалдары мейрамның еңбекшілік сипатымен үндесіп жатыр.
Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 9 наурыз (март) күнгі 5-санына «Наурыз» атты мақала жариялапты. Онда: «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді», дейді.
Демек аталған мейрамның тағы бір өзегі – ағайын-туған көрісіп, қауышып жырғайды. Қарапайым тілмен айтқанда, алты ай қыста бұйығып жатқан жұрт көктем келгенде жадырап, жайнап қыстай хабарласа алмаған ел амандық-саулығын біліседі. Абай айтқандай:
«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып», деп халықтың ырғап, жырғайтыны туралы баяндалыпты.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, Наурыз мейрамының тағы бір дәстүрлік өрісі Шәкәрім қажы жырлағандай: «Құл құрықтан, күң сырықтан» құтылатын теңдік күні. Бұл туралы көне жазбаларда, ертеде Иран патшасы Наурыз күні қол астындағы сүйікті құлының біріне шапанын сыйға тартып, тағына отырғызып, бір күн ел басқартқаны туралы аңыз бар.