Осыған байланысты полиция мал ұрлығы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
Екібастұзда жекенің жылқысын жайылымнан ұрлады деген күдікке ілінген жылқышы ұсталды. Ол барымталап алған үй жануарын базарға апарып сатып жіберген. Арам жолмен тапқан ақшасын жеке мақсатына жұмсап та үлгерген, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
"Мал ұрлығы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция ауыл тұрғындарын өз малдарын қараусыз қалдырмауға, ауыл шаруашылығы жануарларын мүмкіндігінше сәйкестендіруге (чиптеу, таңбалау және биркілеу), мүмкіндігінше малға GPS-трекер орнатуға шақырады", — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.
Полиция бұған қоса қазіргі уақытта "Мал ұрлаушы" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатқанын жеткізді. Тәртіп сақшылары 400-ден астам автокөлікті, ет сататын 219 орынды және 510 шаруа қожалығын тексеріп шыққан. Нәтижесінде тиісті құжаттарсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдаудың 23 дерегі және ілеспе құжаттарсыз ет өнімдерін өткізудің 6 дерегі тіркелген.
Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Малы иесіз жүрген 52 тұрғынға айыппұл салынып, 800-ге жуық бас мал мамандандырылған мал қораларына қамалды.