Ақтаудағы су тұщыту зауытының қуаты екі есеге артты

Жаңалықтар

Маңғыстау облысында ауызсу тапшылығын жоюға бағытталған алты жоба қолға алынған. Солардың бірі Ақтаудағы тұщыту зауыты. Кәсіпорын жуырда өндіріс қуатын екі есеге арттырып, тәулігіне 40 мың текше метр су өндіре бастады. Бұл Мұнайлы және Қарақия аудандарынан бөлек, қаланың жоғары бөлігіндегі шағынаудандарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен зауытта 2021 жылы басталған жаңғырту жұмыстары былтыр желтоқсанда аяқталды. Осы аралықта теңіздің суын кері «осмос» тәсілімен тұщытатын тұтас кешен бой көтерді. Қызметі толық автоматтандырылған жаңа кәсіпорын суды үш кезеңді сүзгілеуден өткізеді.

Ерлан Ерсайынов, жобаларды іске асыру тобының жетекшісі:

- Бірінші кезеңде яғни балдыр, лай, теңіздің топырағы сияқты үлкен бөлшектерден тазартылады. Екінші кезеңде ұсақ тазалау фильтрінен өтеді. Яғни 5 микронға дейінгі бөлшектерден тазартылады. Одан кейін су мембраналар арқылы өтіп, тұздың молекулалары қалып қояды.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Бұл басқару бөлмесі. Мұнда 2 адам, яғни ауысым басшылары тәулік бойы жұмыс істейді. Олар мына мониторлардың көмегімен резервуарлардағы судың деңгейін, зауытқа теңізден қанша су келіп жатқанын, тұтынушыларға күнделікті босатылатын ауызсудың көлемін бақылайды.

Зауытты жаңғыртуға қазына қаржысынан 17 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде өндірістік қуаты артып, 30-дан астам жұмыс орны ашылды. Кәсіпорынды жаңғыртудың келесі кезеңінде тәулігіне 60 мың текше метр су тұщытатын қосымша нысан салу жоспарланған. Биыл жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары басталады.

Серік Гусман, зауыт директоры:

- Модернизациялау аясында фундаменттен бастап құрылыс ангарлары салынды. Үлкен қондырғылар келді. Кәсіпорында 160 адам тұрақты жұмыс жасайды. Қазіргі таңда зауыт екі ауданнан бөлек, қосымша Ақтау қаласына да 17 мың текше метр су беріп отыр. Аманшылық болса, жалпы зауыттың өндіріс көлемін 100 мыңға дейін жеткізу жоспарымызда бар.

Маңғыстау өңірінде ауызсу тапшылығы әсіресе жаз айларында айқын сезіледі. Мамандардың болжамына сәйкес, биыл суға деген тәуліктік сұраныс 211 мың текше метрге дейін жетуі мүмкін. Мәселені шешу мақсатында «МАЭК» энергетикалық комбинатының, Қарақия және Түпқараған аудандарындағы, сондай-ақ Кендірлі демалыс аймағында орналасқан тұщыту зауыттарының қуатын арттыру жұмыстары қолға алынды.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев