Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов тағы екі мұнай өңдеу зауыты жекешелендірілетінін мәлім етті.
– Атырау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарын жекешелендіру туралы бастама көтерілгенін растайсыздар ма?, – деп сұрады журналист.
Бұл мәліметті Рустам Ахметов растап отыр.
– Иә, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің талдауы аясында аталған активтерді жекешелендіру ұсынылған болатын. Жекешелендірудің жобасы да ұсынылып, алдын ала мақұлданды да. Бұл жерде зауыттардың мемлекетке тиесілі 50 пайыз активін жекешелендіру ұсынылып отыр, – деді ол.Рустам Ахметов басқарудың мұндай үлгісі Шымкентте сәтті іске асып жатқанын мысалға келтірді.
– Қазір Шымкенттегі МӨЗ-дің сәтті жұмыс істеп тұрғанын көріп отырмыз. Оның да 50 пайыз активі жекенің қолында. Ең бастысы басқару формасы жеке меншікте – мемлекет атынан басқаратын лауазым жоқ,– деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.