Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты қаражат берді , деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатында IBA әрбір жүлделі орындарға арнайы сыйақы берді. Байрақты бәсекеде чемпион атанған 12 боксшыға 100 000 доллар табыс етілді.
Ал финалда сүрініп, күміс медаль иеленген тағы 12 спортшы 50 000 доллар қаражат тапты.
Жартылай финалда жеңіліп, қола жұлдені қанағат тұтқан 24 аруға 50 000 доллар сертификат табысталды.
Сондай-ақ, ширек финалда ұтылған 48 боксшы 10 000 доллар сыйақыға ие болды.
Бұдан бөлек, елімізде әлем чемпионатының жеңімпаздарына 15 000 доллар қаражат табыс етіледі. Күміс жүлде иеленгендер 7 000 доллар, қолаға қол созғандарға 5 000 доллар беріледі.
Сонымен қатар, бапкерлерге де сыйақы қарастырылған. Шәкірті алтын медаль иеленген тәлімгерлер мемлекеттен 10 000 доллар ақша алса, күміс пен қола жүлде алған боксшылардың жеке бапкерлеріне 5 000 және 3 000 доллар табыс етіледі.
Осылайша, бұл әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова және Аида Әбікеева барлығы 115 000 доллар, яғни 57 500 000 теңге табыс тапты.
Ал дүбірлі додада күміс жүлде иеленген Виктория Графеева мен Елдана Тәліпова 57 000 доллар сыйақы иеленді. Бұл 28 500 000 теңге.
Байрақты бәсекеде қола жүлдені жеңген Наталья Богданова 30 000 доллар немесе 15 000 000 теңгеден аса пайда тапты. Және ширек финалда сүрінген Жайна Шекербекова, Жасмин Қизатова, Карина Ибрагимова, Надежда Рябец 10 000 доллардан ұтып алды.