Қазақстаннан 1240 азамат шығарылды

Жаңалықтар

11-14 наурыз аралығында елімізде «Мигрант» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оның барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 10 мыңға жуық фактісі анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz мәліметінше, 4,5 мың шетелдік азамат елде болу мерзімін бұзған. 2,5 мыңы заңсыз еңбек қызметімен айналысқан. Оның ішінде 60 заңсыз такси жүргізушісі бар.

Бұған дейін жүргізілген арнайы операция кезінде 700-ге жуық заңсыз такси жүргізушісі анықталған болатын. 1240 шетелдік сот шешімімен елден шығарылып, оларға бес жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынды. Заң бұзушылардың басым бөлігі жақын шет мемлекеттен келгендер. Бірақ одан бөлек Бангладеш, Египет, Италия, Нигерия және Мадагаскар азаматтары да анықталды. Іздеуде жүрген 20 шетелдік ұсталды, — деді ІІМ көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов.

2200 қабылдаушы тұлға шетелдіктердің келуі туралы полицияға хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 12 млн теңге айыппұл салынды. 500 қазақстандық жұмыс берушіге шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тартқаны үшін 33 млн теңге айыппұл салынды. Олардың ішінде бес тұлға осындай әрекетті бұрын да жасаған. Қазір бұл азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Шетелдіктерге жалған құжаттар рәсімдеген Қазақстан азаматтарына қатысты 12 қылмыстық іс қозғалды.

Мысалы, Астана қаласында бір университет жатақханасында комендант 56 еңбек мигрантына студент ретінде уақытша тұруға рұқсат берген. Алматы облысында нотариустың көмекшісі шетелдіктерді «жоқ» мекенжайларға тіркеу үшін жалған сенімхаттар рәсімдеген. Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, — деді Аслан Аталықов.

ІІМ миграциялық заңнаманы сақтауға және шетелдік қонақтар мен Қазақстан азаматтарын көші-қон мәселелері бойынша заңсыз қызмет көрсететін күмәнді тұлғаларға жүгінбеуге шақырады.