Сарыағаш қаласындағы №71 мектептің балалары асық ойнауды дәстүрге айналдырып, замандастарына үлгі көрсетіп отыр, деп хабарлайды 24kz.
Қоңырау соғылғанын асыға күткен балалар үзілісте асық ойнап, уақыттарын қызықты әрі пайдалы өткізеді. Мектеп ұжымының айтуынша, жеткіншектердің ұлттық ойынға бет бұруына «Әкелер мектебінің» қосқан үлесі зор.
Сарыағаштық оқушылар үзілісті асыға күтеді. Себебі барлығы спорт залға барып, асық ойнағанды ұнатады. Мектеп мұғалімдері балаларды ұлттық ойынға баулып, ережелерін үйретеді. Әсіресе, бастауыш пен 6, 7-сыныптың оқушылары белсенді. Балалар асық ойынының бірнеше түрін біледі. Қазірдің өзінде әр оқушыда мыңнан астам асық бар.
Абзал Темірбай, оқушы:
- Асық ойнау маған өте қатты ұнайды. Мен үйде әкеммен асық ойнаймын. Қазіргі таңда мен асық жинап жатырмын. Біз үзіліс кезінде асық ойнаймыз. Ол біздің логикамызды дамытады. Өйткені асық өте қызық ойын. Біз 15 минуттық қоңырауды өте қатты күтеміз.
Мектепте ұлттық ойынның кең қанат жаюына аудандық «Әкелер мектебі» мұрындық болыпты. Оны мектеп ұжымы бірден қолдаған. Себебі асық ойнаған баланың қимыл-қозғалысы ширақ, ой-өрісі жақсы дамиды. Есепке де жүйрік болатынын айтады.
Абылай Бердіқожаев, мектеп директоры:
- Асықтың пайдасы адамға логиканы, математиканы, жүгіруді, дәлдікті, шеберлікті үйретеді екен. Топтасып, топ болып болып ойнауды үйретеді. Бұның пайдасы өте үлкен. Өйткені бала жаттығуда болады.
Ата-аналар балалар телефонға телміргенше денсаулыққа пайдасы орасан асық ойнағаны дұрыс деп шешкен. Асық баланың ептілігі мен шапшаңдығын шыңдап, көздің көруін жақсартатынын айтады. Әрі ұялы телефоннан бір сәтке жырақтайтын тамаша мүмкіндік. Сондықтан әкелер балаларына асық жинап, оны түрлі түске бояп береді. Оны оқушылар мектепке әкеліп ойнайды.
Сәулет Қожамбеков, аудандық «Әкелер мектебінің» мүшесі:
- Қазіргі кезде біздің балаларымыз, жасөспірімдер көбісі ұялы телефонды шұқылаумен өмірін өткізіп жатыр. Міне, сондай ойыннан баланы артылту үшін «Әкелер мектебі», мектеп ұжымы болып, балаларды асық ойнауға, ләңгі тебуге, шекемтас ойнауға шақырып жүрміз. Сондықтан үзіліс кезінде осындай ойындар ойнаса, біздің ұлттық ойынымыз ары қарай дами береді деп ойлаймын.
Балалар үзіліс кезінде асық ойнап, бойындағы энергияны шығарып қана қоймай, бір-бірімен қарым-қатынас орнатуға да мүмкіндік алады. Асық ойыны – тәрбиенің сарқылмас қайнар көзі. «Білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі тиіс», - дейді ұстаздар. Осыған орай олар балаларға басқа да ұлттық ойындарды үйретіп, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді көздейді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш