Биыл елімізде 20 өрт сөндіру бөлімі салынады. Тағы бірқатары азаматтық қорғаныс жүйесін жаңғырту бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы Алматыға жұмыс сапары кезінде Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты. Сала басшысы мегаполистегі қайта жаңғыртудан өткен №8 өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысып, құтқарушылармен кездесті.
Бұл өрт сөндіру бөлімінің бір жарым ғасырлық тарихы бар. Верный тұсында 1877 жылы өрт сөндіру командасы құрылған. Кейіннен қаланың қарқынды дамуына байланысты осы өрт сөндіру бөлімі болып, бөлініп шыққан. 1970 жылы дәл осы жерде жаңадан ғимарат салынады. Нысан содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Биыл толықтай қайта жаңартылды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың айтуынша, өрт сөндіру бөлімдерін жаңғырту жұмыстары еліміз бойынша қарқынды жүріп жатыр.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- 30 жылда, өкінішке қарай, 34 депо салынған болатын еліміз бойынша. Біз бір жылдық мерзімде 14 депосын қолданысқа бердік. Жақын арада 15-ші Солтүстік Қазақстанда шығайын деп жатыр. Қарқын жаман емес, ендігі мақсатымыз – қалған өңірдерде, қажет болған аймақтарда осындай деполарды тұрғызу. Жаңа бөлімшелерді ашу.
№8 өрт сөндіру бөлімі мегополистің екі үлкен Алмалы мен Жетісу ауданы тұрғындарына қызмет көрсетеді. Қазір мұнда 60 өрт сөндіруші жұмыс істейді. Азаматтық қорғаныс жүйесін жаңғырту бағдарламасы ғимаратты ғана емес, техниканы жаңалауға мүмкіндік берді.
Асхат Анарқұлов, Алмалы аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінің басшысы:
- Бұрын барлығы ескі болатын. Техниканың барлығы ескі болатын. Киетін киімдеріміз, өртке шығатын киімдеріміз ескі болған бізде. Қазір заманға сай техникамен қамтамасыз етіп жатыр. Жаңа жылдан бері біз 100-ден аса өртке шықтық. Қиын Алматы бойынша өрттер орын алды. Жеке құрамымызды жұмылдырып, берген жаңа техникаларды қолданып, өрттің бәрін дер кезінде сөндіріп отырдық.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бізге әлі де 100-ден аса депо мен 20-ға құтқару станциясын салу қажет. Биыл Алматыда бір өрт сөндіру бөлімі жаңадан салынып, 4-і күрделі жөндеуден өтеді. Қалада барлығы 20 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Сала мамандары мегаполиске кем дегенде тағы 15 өрт сөндіру депосы қажет деп санайды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев