Елімізде халық саны бойынша қазақтардан кейінгі этностық топ – орыстар. Олар қазы-қартамен ет асып, құрт-май әзірлеп, қазақтың ұлттық дәстүрін ерекше құрметтейді. Қазақтың қонақжай, кеңпейіл қасиетіне әлі күнге дейін тәнті болып, алғысын айтып келеді.
«Мен қазақтардың салт-дәстүрлері туралы әр кез айтып жүремін. Көптеген қонақжай адамды көрдім, бірақ олар – менің туған жерімдегідей қонақжай емес. Менің қалам – Целиноград, Ақмола, Астана, аты қанша ауысса да осы қонақжай қалпынан танбады. Мұндайды еш жерден көрген емеспін. Бәріміз білеміз, мейман келсе, ол жайдан-жай кетпейді. Оның тамағы тоқ болады, үй иесінің жиған-тергені, сақтағаны, барлығы қонақ алдына ақ дастарқан болып жайылады. Ал дастарқан басындағы көңіл күй қандай, оны еш жерден таппайсың, әңгіме-дүкен бір-біріне ұқсамайды. Әр қазақтан қашанда қонақжайлылық, достық ниетті көруге болады. Мұны туғанымнан көріп келе жатсам да, таңғалумен келемін, не деген дарқан көңілді халық», деп ағынан жарылды елордадағы «Русская община» қоғамдық бірлестігінің басшысы Андрей Авдеев.
Сондай-ақ ол елімізде орын алған реформаларға тоқталып, қолдайтынын да жеткізді, әсіресе қазақ тілінің болашағы зор екенін айтып, сенім білдірді.
«Менен қазақ тілін білесіз бе, сөйлейсіз бе деп жиі сұрайды. Бірінші мамандығым – орыс тілі пәнінің мұғалімі, одан соң инженер мамандығын игердім. Жасыратыны жоқ, мектепте қазақ тілін мардымды оқытпады. Алайда оған қарап қол қусырып отыруға болмайды, әрине. Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілінің мәртебесі биік, қолданылу аясы кең болуы керек. Заңды тұрғыдан алғанда да үстемі биік болуы шарт. Біз осыған жетіп келеміз, жеттік деуге де болады», деп пікірін білдірді кейіпкеріміз.
Ақмола облысында өсіп-өнген, 30 жылдан аса уақыт еңбек етіп келе жатқан ол Қазақстан Отаным болып қала бермек, енді ешқайда қозғалғысы келмейтінін, әсіресе Астанадан кетпейтінін айтты. Өйткені Астананың қалыптасу тарихына куә болғандардың бірі. Отбасын құрып, үш баласы дүниеге келген жерінен жырақта жүргенін тіпті елестете де алмайды. Айтуына қарағанда, балалары да туған жерлерінен кеткісі жоқ.
Өзі басқарып отырған «Русская община» қоғамдық бірлестігінің қызметі де, жетістігі де зор екен. 2013 жылы құрылған бірлестікте тек орыстар емес, өзге этнос өкілдері де бар. Олардың барлығы Достық үйінде қазақ тілінде өтетін «Мәміле» сұхбат клубының кездесулеріне қатысады. Аталған клубқа мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдіргендер жиналады.
Жалпы, «Русская общинаның» өкілдері ерікті түрде қаланың мәдени дамуына үлес қосып келеді. Бірлестік жанынан құрылған ансамбль бар. Сондай-ақ бірлестік өкілдері елордадағы университеттердің бірінде құрылған студенттік ассамблеяның мүшелеріне кеңес беріп, жастарды қолдап, олармен бірнеше мәдени іс-шара өткізген. Осылай қоғам өміріне араласып, белсенділік танытқаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысхатына ие болған. А.Авдеевтің айтуынша, бірлестік өкілдерінен ешқандай жарна алынбайды. Оны өзі басшылыққа келгенде алдырып тастапты.
«Еліміз этносаралық қарым-қатынас мәселелерін тиімді шешіп жатыр деп сеніммен айта аламыз. Мен мұны Қазақстан халқы Ассамблеясында қызмет ететін адамның көзқарасымен айтып отырмын. Біздің құрған модель бірегей, қоғам ерекше. Осыны бағалауымыз керек», деді «Русская община» басшысы.