Мегаполистерді реттейтін заң жобасы мақұлданды

Жобалар

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төраға­лығы­мен палатаның жалпы отырысы өтіп, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржы ­ландыру тәуекелдерін баға­лау жөніндегі халықаралық орталық құру туралы келі­сімді ратификациялау жобасын жұмысқа қабылдады. Сондай-ақ депутаттар елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұл­дады. Күн тәртібінде Су кодексі де қаралып, тиісті шешімі шығарылды.

Қалалардың сәулеті сын көтермейді

Мәжіліс елорда мен респуб­ликалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді бірінші оқы­лымда мақұлдады. Күн тәр­тібіне сәйкес, Премьер-ми­нистр­дің орынбасары – Ұлт­тық экономика министрі Серік Жұманғарин «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген. Ол жер қатынастары, сәулет және құрылыс, көші-қон, жарнама, экология және басқа да са­лалардағы мәселелерді шешу­ге бағытталған. Заң жобасы автор­ларының айтуынша, өзара үй­лесімсіз әрі ретсіз орналас­тырыл­ған сыртқы жарнамалар, маң­дайшалар, көрсеткіштер салдарынан қазіргі уақытта елор­да мен басқа да қалалардың әсем­д­ігі мен сәулеттік келбеті­не нұқсан келіп отыр. Баянда­мада С.Жұманғарин заң жоба­сы­ның бірінші бағыты бірың­ғай сәулеттік келбетті қалыптас­тыруды көздейтінін атап өтті.

– Қазіргі уақытта қалалардың сәулеттік келбеті тек сыртқы (көрнекі) жарнама арқылы ғана емес, маңдайшалардың да ретсіз орналасуына байланысты нашарлап отыр. Сыртқы жарнаманы жолдар мен көшелерді бояу арқылы орналастыру да қалалардың эстетикалық келбетіне теріс әсер етеді. Сонымен қатар қала­ның сыртқы келбетінің нашар­лауына қоғамдық орындарда аудиожарнаманың кең таралуы себеп болып отыр. Бүгінгі таңда аталған әрекеттер заң бұзушылыққа жатпайды және заңнамада ешқандай әкімшілік шаралар көзделмеген, – деді вице-премьер.

Республикалық маңызы бар қалалар мен елорда мәс­ли­хат­тарының құзыретін ке­ңей­тіп, дизайн-кодты бекіту нор­ма­­­сын енгізу ұсынылады. Түзету­­лер аясында ашық кеңіс­тікте аудиожарнама таратуға, сон­дай-ақ жаяу жүргіншілер жол­дарында, велосипед жолдарында, автожолдар мен көшелерде сыртқы (визуалды) жарнамаларды орналастыруға тыйым салынады.

Заң жобасының екінші бағыты жер мәселелерін реттеуді көздейді. Баяндамашының айтуынша, қазіргі уақытта жер учаскелерінің иелері мен жер пайдаланушыларға белгілі бір себептермен тиесілі бола алмайтын учаскелерді қайта ресімдеу реттелмеген. Осы мәселелерді шешу үшін Жер кодексіне бірқатар өзгеріс енгізу керектігі ұсынылды. Түзетулер аясында Мәжіліс депутаттары жерді мақсатына сай пайдаланбау жағдайында оны қайтару тетігін қарастыратын толықтырулар енгізді. Жаңа нормаларға сәйкес, егер мақсатына сай пай­да­ланылмаған жер учаскесі жекеменшікке тиесілі болса, ол аукцион арқылы сатылуға тиіс. Және де жер телімдерін мақ­сатына сай пайдаланбаған мен­шік иелері жерді сатып алу мен сату арасындағы айырма­шылықтан пайда таба алмайды.

Елорда тұрғындарын тіркеу тәртібі күшейеді

Заң жобасының үшінші бағыты көші-қон үдерісін реттемек.

– Қазіргі уақытта халық ірі қалаларда өмір сүруге талпынып жатыр. Бұл пәтерлерде тұрғындардың санын шектеусіз тіркеу проблемасына алып келді. Тәжірибе көрсеткендей, тұрғын үй иелері үйінде нақты тұрмайтын жүздеген азаматтарды тіркеу фактілері бар, – деген Серік Мақашұлы алдағы уақытта елордадағы азаматтарды тұрғын үйге тіркеу талаптары өзгеретінін жеткізді.

Бұл ретте баяндамашы тіркеу нормативтері тұрғын үй­дің меншік иесінің және жұба­йының жақын туыстарына қолданылмайтынын атап өтті.

Заң жобасының төртін­ші бағыты қалалық инфрақұ­ры­лым объектілерінің қолжетім­ділігін көздейді. Яғни қалалық инфрақұрылым нысандары мен қоғамдық көліктер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделуге тиіс. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заң аясында ұсынылған түзетулер рес­публикалық маңызы бар қа­лалар мен елорда мәсли­хаттарының құзыретін қалада қолжетімді орта қалыптастыру ережелерін бекіту бағытында кеңейтуді көздейді.

Астана маңындағы орманға кім көз тігіп отыр?

Заң жобасының бесінші ба­ғы­ты аясында елорданың «жасыл белдеуін» сақтау қамта­ма­сыз етілмек. Бұл ретте С.Жұ­ман­­ғарин «жасыл белдеу» жер­лері­нің қысқаруына немесе бүлінуіне жол бермеу қажеттігін еске салды. Осыған байланысты «Астана мәртебесі туралы» Заң шеңберінде қала­ның жасыл аймағын басқару қағидаларын бекіту және оны күтіп-ұстайтын заңды тұлғаны айқындауды, «жасыл белдеу» аймағының шекараларын өзгертуді әкімдікпен емес, Үкіметпен жүзеге асыруды, «жасыл белдеу» аума­ғында ландшафтардың табиғи көрі­нісіне теріс әсер ететін қызметке тыйым салуды ұсынды.

Дегенмен таныстырылымнан кейінгі талқылау кезінде депутаттар Еділ Жаңбыршин мен Абзал Құспан дәл осы заңда Астананы қалың ормандай қоршап тұрған «жасыл белдеудің» болашағына қауіп төніп тұрғанын жеткізді.

– Астана айналасындағы «жасыл белдеу» Орман кодексінің 44-бабына сәйкес, мемлекеттік орман қорының санатына жатады. Бұдан басқа, аталған кодекстің 8-бабында «бюджеттік қаржыға салынған, қолдан жасалған орман» деп көрсетілген. Яғни бұл белдеу де орман қорына жататыны нақтыланған. Енді біз сол «жасыл белдеуді» орман қорынан шығарайын деп отырмыз. Орман кодексінің 8-бабының 5-бөлімінде «мемлекеттік орман қорларының жерін сатуға, кепілге қоюға және басқа да мәмілелерге тыйым салынған» делінген. Яғни қолданыстағы заңға байланысты біз оны орман қорының жерінен алып кете алмаймыз. Мемлекет басшысы орман алқаптарын көбейтің­дер деп тапсырады, ал біз да­йын орманды қордан шы­ға­рып алып санитарлық аумақ ретін­де әкімдікке бермекпіз. Бұл, біріншіден, заңға қайшы, екін­шіден, Президент тапсырмасына қарсы келіп тұр, – дейді Е.Жаңбыршин.

Қысқасы, екінші оқылымға дейін бұл заң төңірегінде қай­тадан пысықтайтын мәселе­лер қатары көбейді.

Ал Абзал Құспан Мемлекет басшысының орман қорын көбейту туралы тапсырмасын тағы бір еске салып, заңдағы шикі­ліктер мен күмәнді лоббис­тік мәселелерді атап берді.

– Еліміздегі орман қорының аумағы – 4%-дың төңірегінде ғана. Екі жыл бұрынғы Абай облысындағы өртті ескерсек, одан да кеміп кеткен болуы әбден мүмкін. Қалған жерлер шөл және шөлейтті, далалық аймақтарға жатады. Үкімет үшінші сессияда мемлекеттің меншігіндегі, қорғауындағы орман қорына иелік етуді, оны өздеріне алып қоюға осымен үшінші мәрте әрекет етіп отыр. Бірінші рет 2023 жылы «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңға тиісті өзгертулер берді. Ол кезде біраз депутат тойтарыс беріп, тосқауыл қоятын норма енгіздік. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ол өзгерістер тағы бір заң жобасына кірді. Кезінде біз қабылдамай тастаған Үкіметтің сол нормасы үтір-нүктесіне дейін сол күйі қайта келді. Оған да қарсылық таныттық. Енді, міне, астана туралы заңмен тағы да алдымызға келіп отыр, – деді депутат.

А.Құспан Үкіметтің бұл «бас­тамасына» неліктен қарсы­лық танытып жүргендерін түсіндіріп берді.

– Осы кезге дейін Орман, Жер кодекстері, «Ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тар туралы» Заң орман қор­ларындағы жерлерді мем­лекеттің қорғауында ұстап келді. Өз баяндамасында Серік Мақашұлы «жасыл белдеуді» Астана қаласына беру орман алқаптарын күтіп-баптап ұстау үшін қажет екенін айтты. Сонда мемлекеттің мен­шігінде тұрса, мемлекеттің қор­ғауында тұрса, әкімдік оған күтіп қарай алмай ма, Үкімет оған ақша бөле алмай ма? Осы кезге дейін «Астана ор­маны» кәсіпорны қызмет етіп, күтіп-баптап келе жатыр ғой. Неге Үкімет осы әрекетін доғар­майды? Алматы қаласын мысалға келтірейікші, Саин көшесінің жоғары жағындағы «Алатау» кеңшарының керемет алма бағы қайда қазір? Ор­нын­да бір кездегі Үкімет мүше­­лерінің, Ұлттық банк бас­шы­­ларының үйлері тұр. Әл-Фараби даңғылының жоға­ры жағын­дағы ормандар не болды? Кә­сіп­керлер Ішкі істер министрлігі ака­демия­сының ортасынан ойып тұрып алған жерді бизнес субъектісіне айналдырып жіберді. Еділ Терекбайұлы 126-баптың 2-тармағындағы рекреациялық мақсаттағы жер құрамы дегеннің мағынасын жақсы түсіндіріп берді. Яғни бұ­лардың бәрі – бизнес нысандары. Ең қызығы, нормада «осы сияқ­ты басқа да объектілер» делін­ген тіркес бар. Егер біз заң­ның осы нормасын қол­дап да­уыс берсек, ертең Астана қала­сы Алматының кебін киеді. Сон­дықтан орман қор­ларының жері тек мем­лекет­тің қорғауында қалу керек. Біз бұл нормаға үзіл­ді-кесілді қарсымыз, – деді А.Құспан.

Е.Жаңбыршин мен А.Құспан заңдағы рекреациялық аймақ­тар деген түсінікті қайта қарау керектігін ескертті.

Сонымен қатар бұл заң жобасының алтыншы бағыты жол және көлік инфра­құры­лымын дамытуды көздесе, жетін­ші бағыты тұрғын үй құры­лысына үлестік қатысу мәселелерін реттемек.

Мәжіліс депутаты Анас Бақожаев та Серік Жұман­ғаринге елорда маңындағы «жасыл белдеуді» мақсатсыз пай­далану фактілері туралы мәсе­ле көтеріп, сұрақ қойды. Ал Нартай Сәрсенғалиев ақылы авто­тұ­рақтар туралы жұрт­шы­лық жанайқайын тағы көтерді.

Жалпы отырыста елімізде отандық тауарлардың тізілімі жасалатыны белгілі болды. Яғни Мәжіліс екінші оқылымда тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері туралы заңды қабылдады. Ол Мемлекет басшысының импорттық жет­кізілімдерге тәуелділікті азай­ту, заманауи технологияларды транс­ферттеу және оқ­шаулау үле­сі жоғары өндіріс циклін құ­ру жөніндегі тапсырмаларын іс­ке асыру мақсатында әзір­­­лен­ген. Қабылданған заңға сәй­­кес, қазақстандық өндіруші ре­тін­­де тану үшін кәсіпорындар бел­­гі­­ленген талаптарды сақтауға тиіс.

Мәжіліс жаңа Су кодексін қабылдады. Құжатта Мемлекет басшысы қойған міндеттер мен тапсырмалар көрініс тапқан. Олар су саласын реформалауға, су заңнамасын жетілдіруге, су ресурстарына ұқыпты қарауды қалыптастыруға, саланың кадр­лық әлеуетін арттыруға, тариф­тік саясатты реттеуге және су үнемдеу технология­ларын енгізуге бағытталған. Сон­дай-ақ елімізде су ресурстарын бас­қарудың бірың­ғай жүйесі аясында Ұлт­тық гидрогеологиялық қызмет қайта құрылады.

Жалпы, отырыс соңында депутаттар Үкіметке және жекелеген министрліктерге бағытталған депутаттық сауалдарын жолдады.