Атырау облысында 2016 жылы түйе мен қойдың жүнін өңдейтін фабрика ашылды. Өңделген жүннен жамылғы шығарыла бастаған еді. Алайда қазір аталған кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның Активтерді басқару және еншілес тәуелді ұйымдар департаментінің басшысы Руслан Қабиевтің ұсынған ақпаратына сүйенсек, фабриканың құрылысы 2014 жылы басталған. Жоба екі кезеңмен іске асырылыпты.
«Бұл жоба жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін қолға алынды. Қой және түйе жүнін бастапқы өңдеп, кейін одан дайын өнім шығару мақсаты көзделді. Қазір тоқыма фабрикасына «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС иелік етеді. Аталған кәсіпорынның жарғылық капиталының 49 пайызы «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға тиесілі», дейді Р.Қабиев.
Оның дерегіне сүйенсек, жоба құны 2 432,5 млн теңгені құрайды. «Атырау» ӘКК» АҚ тарапынан жобаға жарғылық капитал ретінде 76,44 млн теңге, мақсатты займ түрінде 1 576,1 млн теңге салынған. Ал жоба бастамашысы болған инвестор 829,5 млн теңге құйған.
«Жобаның өндірістік қуаты – жылына түйенің 100 тонна, қойдың 350 тонна жүнін өңдеу. Алғашқы өңдеуден өткізілген жүннен 400 мың қума метр жамылғы шығару жоспарланды. Кәсіпорында 2015–2017 жылдары 122 967 кило шикізаттық жүн өңделді. Одан 65 289 тонна өңделген жүн алынды. Бұл – жобада көзделген жылдық қуаттың 27,4 пайызы. Шикізатпен қамту жобалық қуатының 10 пайызынан аспады. Соған қарамастан 2016–2018 жылдары 31,658 тонна жіп иірілді. Осы жылдары 24 391 қума метр матадан 4 591 жамылғы шығарылды. Оған 18 тонна жіп қолданылды», деп мәлімдеді корпорация өкілі.
Алайда 2018 жыл басталысымен аталған кәсіпорынның басына бұлт үйірілді. Ковид пандемиясы өршіген 2019–2020 жылдары жұмысы тіптен шатқаяқтады. Мұның салдары фабрика өндірісінің тоқтауына себеп болды.
«Фабриканың жұмысын тоқтатуына бірнеше себеп әсер етті. Біріншіден, айналым қаржысы болмады. Екіншіден, істен шыққан кейбір технологиялық қондырғылар мен станоктарды жөндеу мәселесі шешімін таппады. Үшіншіден, жобаны іске асыруға байланысты тұрақты өнім шығарылмады. Төртіншіден, шикізатты дайындау, нарыққа маркетингтік талдау секілді өндірістік үдеріс жоспарланбады. Бесіншіден, дайын өнімді өткізуге байланысты маркетингтік стратегия түзілмеді. Алтыншыдан, маркетолог, қондырғы жөніндегі техник, тоқыма өнеркәсібінің технологі секілді мамандардың тапшылығы туындады», дейді Р.Қабиев.
Корпорация өкілінің пікіріне қарағанда, басты түйткіл шикізаттық сапалы жүннің тапшылығынан туындаған. Әсіресе облыс аумағынан табылған жүннің сапасы төмен болып шыққан.
«Өйткені Атырау облысында еділбай тұқымдас қой өсіріледі. Қойдың бұл тұқымы ет бағытында өсірілетіндіктен, оның жүнінің талшығы ірі болып келеді. Мұндай жүнді тоқыма саласына қолдану мүмкін емес. Ал жіңішке және жартылай жіңішке талшықты жүн меринос, цегай және кросбред тұқымды қойдан алынады. Қойдың бұл тұқымдары Қазақстанда, Ресейдің Қалмақ және Дағыстан Республикасында бар», дейді Р.Қабиев.
Бұл фабриканың жұмысы қашан жанданатынын дөп басып айту қиын. Дегенмен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жүн фабрикасын қайта жандандыру үшін инвестор іздеп жатыр. Жобаға қосымша қаржы салу қажеттігі туындап отыр.
«Инвесторларға қойылатын бірнеше талап бар. Біріншіден, қызығушылық танытқан инвестордың тоқыма өнеркәсібінде тәжірибесі болуы қажет. Екіншіден, шығарылаған өнімдерден барынша табыс табатындай тиімді техникалық-экономикалық модель енгізу керек. Үшіншіден, кәсіпорын өнімінің өзіндік құнын төмендетіп, ықшамдау жолымен шығынды азайтқаны жөн. Төртіншіден, аудандарда және Ресейдің көршілес өңірлерінде шикізаттық жүн жинайтын пункттер ашу керек. Бесіншіден, өнім өткізуге байланысты маркетингтік бағдарлама әзірлеп, ұзақмерзімді келісімшарт жасауын талап етеміз», дейді департамент директоры.
«Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-нің жүн фабрикасында бұрын 40 адам жұмыс істесе, қазір тек директор ғана қалыпты. Мұнда басшыдан өзге жұмыс істейтін бірде-бір адам жоқ.
Атырау облысы