Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай әкесіне темір тұлпар мінгізді. Спортшы қуанышты жаңалығын Instagram желісіндегі парақшасында жария еткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Нұрбек Оралбай желіде әкесіне көлікті сыйға тартқан сәттен фотоны жария еткен.
"Әкемізге тұлпар мінгіздік", — деп жазған боксшы фотоның астына.
Желі қолданушылары боксшыға құттықтаулары мен ақ тілектерін жаудырды.
"Әкелеріңіз бар жақсыға лайықты", "Тамаша. Қос бірдей батырдың әкесі мінген тұлпар құтты болсын", "Біз де осы күнге жетейік, ұл өсіріп отырмыз, әкеге бұдан артық қуаныш бар ма", "Раббым берекелі қылғай", — деп жазған пікір қалдырушылар.
Еске салсақ, Нұрбек Оралбай былтыр жазда Парижде өткен Олимпиада ойындарында бокстан 80 кг дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Кейін танымал блогер NNN отандық кәсіпкерлермен біріге отырып, Олимпиадада ел намысын қорғап келген Нұрбек Оралбайға су жаңа көлік сыйлады. Темір тұлпардың құны шамамен 20 млн теңгені құрайды.
Айта кетсек, Париж Олимпиадасына Қазақстан ерлер құрамасы сапынан 7 боксшы қатысқан еді. Оның ішінде тек Нұрбек Оралбай финалға дейін жетті. Қазақстандық боксшы финалда Александр Хижнякпен (Украина) жұдырықтасты. 80 кг салмақ дәрежесіндегі жекпе-жекте Украина спортшысы 3:2 есебімен жеңіске жетіп, алтын медаль жеңіп алды. Ал Нұрбек Оралбай күміс жүлде еншіледі.
Ал әйелдер арасында Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасын 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдемен аяқтап, жалпыкомандалық есепте 43-орынға табан тіреді.