“Қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басына жаратады“ - Тоқаев алаяқтар туралы

Жобалар

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда қазір жұртқа ақыл айтып, ақша табатын жалған психологтар мен "коучтар" көбейіп кеткенін, қайырымдылық саласында алаяқтар көбейгенін айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Құрылтай мүшелері тағы бір жайтқа алаңдаушылық білдіріп отыр. Соңғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жаратады. Сондай-ақ, көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегіп отыр", — деді Президент.

Мемлекет басшысы психологтар мен "коучтар" туралы да айтты.

"Қазір жұртқа ақыл айтып, ақша табатын жалған психологтар мен "коучтар" көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл мәселені Құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек дұрыс көтеріп отыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс", — деді Президент.

Айта кетейік, кейінгі кезде қайырымдылыққа ақша жинап, оны жеке басына жаратты деген күдікке ілінген Перизат Қайрат қоғамда қызу талқыланып жүр.

Перизат Қайрат туралы не белгілі?

Перизат Қайрат Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы болды, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.

2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Сонымен қатар, ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.

2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады.

2024 жылы 13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ, Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!