Қайырымдылыққа деп қаржы жинап, оны жеке бас пайдасына жарататындарға тосқауыл қою керек.
Теріс пиғылды адамдардың бұл әрекетін жауапты органдар назарға алуы тиіс. Ұлттық құрылтай жиынында Мемлекет басшысы қазіргі күні өршіп тұрған алаяқтық мәселесіне де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі таңда қазақстандықтардың басым бөлігі интернет-алаяқтардан зардап шегіп жатқандығын еске салды. Сан соғып қалған халықтың өзінен де жиі шағым түсетінін жасырмады. Сол себепті Президент тиісті шара қолдану керектігін құзырлы органдарға құлаққағыс етті.
ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Құрылтай мүшелері тағы бір жайтқа алаңдаушылық білдіріп отыр. Соңғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жаратады. Сондай-ақ көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегуде. Бұдан бөлек қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл мәселені Құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек дұрыс көтеріп отыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс».