Өзбекстанда Temu маркетплейсінің қолжетімділігін шектеу туралы шешім қабылданды. Қытайлық маркетплейстер өзіне әлем бойынша көптеген ел үкіметтерінің назарын аудартуда.
Медиа саласында бұл платформалардың тауар сапасын бақыламайтыны, салық төлеуден жалтаруы, пайдаланушылардың келісімінсіз олардың деректерін жинауы туралы ақпараттар талқылануда. Осы ретте өзге елдердегі маркетплейстерді реттеу әдістерін Caravan.kz медиа порталының редакциясы зерттеп көрді.
Өзбекстан
Ұлттық перспективалық жобалар агенттігі мен салық комитеті ел аумағында Temu платформасын бұғаттайтынын жариялап, азаматтарға жаңа тапсырыстар жасамауды және ескі тапсырыстардан бас тартып, ақшаны қайтарып алуды ұсынды. Бұл шешімге, Temu-дың Өзбекстанның электрондық коммерция туралы заңдарын бұзғаны әсер еткен. Өткен жылдың желтоқсан айында барлық шетелдік онлайн-платформалардың елде заңды тұлға тіркеуді талап ететін жарлық шықты. Ал 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап электронды коммерция субъектілерінің реестріне тіркелу міндеті қосылады. Осылайша, Temu ғана емес, AliExpress, Amazon, Ozon, Netflix, Spotify, Booking.com және Airbnb де Өзбекстанда салық төлеуге міндетті болады.
Temu-дың Өзбекстанда бұғатталуының екінші себебі – тауар сапасы. Тұтынушылардың көпшілігінен түскен шағымдардан бөлек, британдық журналистердің жүргізген зерттеуі бойынша, Temu платформасындағы тауарлардың көбісінен қорғасын, сурьма және кадмий сияқты уытты химикаттар мен қауіпті заттардың жоғары деңгейде бар екендігі анықталған. Әзірге басқа шетелдік сайттардың бұғатталуы туралы ақпарат пайда болған жоқ. Бұдан компаниялардың талаптарды орындағанын немесе жақын арада орындауға келіскенін аңғаруға болады.
Индонезия
Өткенжылдың қазан айында Индонезия билігі Google-ден бизнеске қауіп төндіргені үшін Temu-ды бұғаттауды талап етті. Бұған қоса, Индонезия Temu-дың жергілікті электронды коммерцияға инвестиция салуына тыйым салатынын мәлімдеді. Дәл осындай шектеу Қытайдың Shein сервисіне де қойылды. Индонезияда жергілікті компаниялардың мүдделері белсенді түрде қорғалауда. Мысалы, 2023 жылы билік әлеуметтік желілерді тауар сату үшін қолдануға тыйым салған. Бұл шешім елдің президенті Джоко Видодо әлеуметтік желілердегі бәсекелестіктің индонезиялық кәсіпорындардың саудасына теріс әсер ететінін мәлімдегеннен кейін қабылданды.
Үндістан
Үндістанда шетелдік маркетплейстерден жергілікті компаниялармен әріптестік орнатуды және салық төлеуді талап етеді. Елдің антимонополиялық комиссиясы нақты заң бұзушылықтарды тексеруге 2019 жылы кірісіп кеткен. Сол кезде америкалық Delhi Vyapar Mahasangh сауда алаңы белгілі бір компанияларға артықшылық беріп, оларды басқа сатушылардан ерекшелендіретіні анықталды. Мысалы, Xiaomi, Samsung, Motorola және басқа да бірқатар компаниялардың тауарлары іздеуде бірінші болып шығып, жиі жарнамаланып, тезірек жеткізілетін. Осыдан кейін Amazon мен Flipkart-тағы осындай «сүйікті тауарларды» тексерді. Нәтижесінде Amazon-да 6, ал Flipkart-та 33 осындай компаниялар анықталған.
Вьетнам
Өткен жылдың желтоқсан айында Вьетнамда Temu қызметі тоқтатылды. Платформа Вьетнамда жұмыс істеп, тіркеу үшін өтінім бергенімен, тіркеу рәсімдерін толық аяқтай алмады. Сауда министрлігі сервистің қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Тіркеу талаптары платформадағы төмен бағалар мен жеңілдіктер жергілікті бизнеске қауіп төндіретініне алаңдағандықтан қойылды. Сонымен қатар, платформа әлеуметтік желілерде агрессивті жарнаманың арқасында танымал бола бастады. Олар «Миллиардер сияқты сатып ал» деген ұранды пайдаланды. Тауарлардың сапасына деген күмән шектеудің негізгі себептерінің бірі болды. Онда контрафакт және қауіпті материалдардан жасалған өнімдер туралы айтылған.
Мұндай жағдайда Қазақстан не істеу керек?
Кейбір сарапшылар басқа елдердің, мысалы, Үндістанның тәжірибесіне назар аударып, Қазақстандық платформалармен және өндірушілермен әріптестік міндеттемелерін енгізуді ұсынады. Сондай-ақ, шетелдік сауда желілеріне қатысты бажсыз сауданың параметрлерін төмендету немесе толығымен жою туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Себебі, депутаттарды импортты салық төлеуден айналып өту мәселесі алаңдатып отыр. Бұған дейін жазғанымыздай, депутаттар егер ешқандай шара қолданылмаса, сауда көлемінің артуы Қазақстандық кәсіпорындарды ығыстырып, жұмыс орындарын жоғалтуға әкеліп соғатынын алаңдауда.