0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Өндіріс, құрылыс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары және ирригация салаларында жұмыс істейтін азаматтар 17 наурыздан бастап «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасына қатыса алады. Бұдан бөлек 8 мыңнан аса мамандықтар тізімі «Отбасы банк» сайтында жарияланды. Жобаға 72 млрд теңге бөлініп, шамамен 2 440 жұмысшы маманның жеңілдетілген несие арқылы баспана мәселесі шешілмек.
20 жыл бойы ыстық пештің жанында адал нанын тауып жүрген наубайшы Байжігіт Болысханұлы «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен үйлі болуға ниетті. Бірақ әлі ипотека талаптарынан бейхабар.
Байжігіт Болысханұлы, наубайшы:
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасының 17 наурыздан басталатынын білеміз. Бірақ одан артық ешбір ақпарат жоқ. Қайда барып, қандай құжат өткіземіз, түсініксіз.
Бағдарламаға 8 мыңға жуық мамандық иесі қатыса алады. Тізім Отбасы банкінің сайтында жарияланды. Жұмыс орнынан қажет анықтаманың үлгісін де сайттан таба аласыз. Десе де депутаттарды алаңдатқан мәселе бар.
Ләззат Разбекова, Астана қаласы мәслихатының депутаты:
Ресми деректер бойынша Қазақстанда 2 млн-нан астам жұмысшы маман бар. Ал енді «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы бойынша 2400 пәтер беріледі екен. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана.
Бағдарлама бірнеше жыл жалғасады. Биыл ілікпегендер алдағы жылдары қайта құжат тапсыруына мүмкіндігі бар,-дейді банк өкілдері. Шарттарына тоқталсақ, несие әлеуметтік осал топтарға 7%-бен, басқа азаматтарға 9%-бен есептеледі. Таза әрлеудегі тұрғын үйді сатып алу үшін бастапқы жарна — 10%, әрленбеген пәтер яки қайталама нарықтағы тұрғын үйді алсаңыз үй жарнасы — 20%. Астана мен Алматы қалалары үшін шекті сома — 36 млн теңге. Өзге өңірлерге 30 млн теңгеге дейін қарастырылған.
Өтінім берушінің өзі мен отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда үй болмауы тиіс. Кейінгі 3 айдағы зейнетақы жинағын растау қажет. Жинақ шотында кемі 2 млн теңге болу шарт.
Нұрлан Ақшанов, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
«Наурыз жұмыскер» ипотекасы үшін 72 млрд теңге жұмсалады. Бірақ қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінген жоқ. Отбасы банкі әлеуметтік облигациялар шығарып, инвесторларға сату арқылы қаражат көзін тауып отыр. Шамамен 2,5 мыңға жуық жұмысшы маманды қамтимыз. Тізімді үкімет бекітіп берді. Құжат қабылдау уақыты бөлінген қаражат иегерілгенше жалғасады. Ал несиеге ие болғандар 6 ай ішінде пәтер таңдауға құқылы.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасына өтінім онлайн қабылданбайды. Банктің филиалына барып, кім бірінші құжат өткізеді, соның жеңілдетілген несие алуға мүмкіндігі жоғары. Ол 19 жылға дейін рәсімделеді. Ал ілікпегендер «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына да ай соңына дейін қатыса алады. Себебі екі бағдарламаның талап-шарттары сәйкес.
Ақниет Балтанова
Ернұр Медет