Елде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамытып, оның үлесі 70 пайызға жеткізілмек.
Сондай-ақ алдағы үш жылда аграрлық-өнеркәсіптік кешенде құны 5 миллиард долларға жуықтайтын 600-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Премьер-министр Олжас Бектенов, Біріккен Ұлттар ұйымына қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы бас директорының орынбасары әрі Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Виорел Гуцумен кездесуде осылай деді. Виорел Гуцу Қазақстанның агроөнеркәсіп секторындағы елеулі әлеуетін атады. Бұдан бөлек тараптар су ресурстары саласының мәселелерін талқылады. Жаңа су қоймаларын салу, қолданыстағы қоймаларды реконструкциялау секілді Қазақстанның ауқымды жоспарлары сөз болды. Кездесу соңында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту және бірлескен бастамаларды іске асыру бойынша бірлікті нығайтуға келісті.