Тендерде туыс, танысының компаниясы жеңіп шыққанша жаны жай таппайтын, табысы мол мемлекеттік тапсырысты жақынына жазып бере салатын «бастық аға» бәрімізде бар. Болмаса да, айналамыздан естіп, көріп жүрміз. Өзіне келгенде қолы ашық әрі құзыры кең әлгі ағаңыз сізге жайлы қызмет те тауып бере алады. Лауазымды шенеуніктер мен ұлттық компания басшыларының қалыпты жағдайға айналған осы әдетін қазір Мәжіліс талқылап жатыр. Нақтырақ айтсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң жобасына мүдделер қақтығысы деген жаңа норма енді. Ол таныс-тамыр жағалау, көке-жәкеге арқа сүйеуді ұмытуға мәжбүрлейді. «Stop жемқорлық» бағдарламасы бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа әдісі туралы айтады.