Ұлттық кітапханада Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен көрнекті тілтанушы, түркітанушы ғалым, академик Шора Сарыбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Тілтанымдық мектептер: академик Шора Шамғалиұлы Сарыбаев» атты ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті.
Алқалы жиынның тізгінін Тіл білімі институтының директоры, филолог-ғалым Анар Фазылжан ұстады. Ол Шора Шамғалиұлының қазақ диалектілерін түгендеп, оның диалектологиялық қоры мен тұңғыш диалектологиялық сөздігін жасаған еңбегін ерекше атап өтті.
«Бұл еңбектер өзектілігімен өте құнды. Сұранысқа да ие. Сондықтан айтулы академиктің ғылымға сіңірген еңбегі ешқашан ел жадынан ұмытылмайды. Оның есімі ғылым мен руханиятымыздың алтын қорына жазылды», деді А. Фазылжан.
Көрнекті ғалымнің көзі тірісінде диалектология, лексикология және алтай тілдерінің тарихын зерттеп, 20-дан астам монография жазып, 300-ден астам ғылыми мақаласы жарияланған. Бұл еңбектерінің дені өзбек, араб, қырғыз, татар, түрік тілдеріне аударылған.
Жиын барысында ғалымның ұлы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің бас хатшысы, елші Қайрат Сарыбаев әкесі туралы жылы естелік айтты. Бауырлас мемлекеттерден келген ғалымдар академик шығармашылығы туралы парасатты ой қозғады. Сондай-ақ академиктер З.Базарбаева, К.Құрманәлиев, профессорлар Қ.Күдеринова, Н.Уәли, Ж.Манкеева, Е.Омаров, М.Малбақов және тағы басқа ғалымдар «Ғылымның өшпес шырағы», «Академик Шора Сарыбаев: ұлттық құндылықтар мәселелері», «Шора Сарыбаев және қазақ диалектологиясы» атты тақырыптарда баяндама жасап, ғалымның өнегелі өмірінен сыр шертті. Академиктің қызы, профессор Майра Сарыбаеваның «Филологтің әлемі: Шора Сарыбаев» атты кітабы таныстырылды. «Кел, сөз маржанын жинайық» тақырыбында өткен байқаудың қорытындысы жарияланды. Сонымен қатар іс-шара аясында «Тіл тағдыры және ғалым ұлағаты» тақырыбында көрме ұйымдастырылып, оған ғалымның жинаған жеке коллекциялары мен суреттері, қолжазбалары, кітаптары қойылды.
Алдағы уақытта А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты академиктің туғанына 100 жылдығына орай халықаралық конгресс өткізуді жоспарлап отыр. Онда ғалымның тілтанымдық мұрасы, тіл ғылымының қазіргі филология, түркология мен диалектологияның өзекті мәселелері талқыланбақ.
Эльвира БӨКЕНБАЕВА,
журналист
АЛМАТЫ