Елде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнама жетілдіріледі. Бірқатар түзетуді Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады.
Құрылыс компаниясы алғашқы пәтерді сатқаннан-ақ кондоминиумды тіркеуге міндетті. Басқарудың екі түрін қолдануға болады. Ол мүлік иелерін біріктіру арқылы немесе тікелей бірлескен басқару түрі. Барлығында біліктілік сертификаты болуға тиіс. Бұған дейін қолданылған қарапайым серіктестер тетігі алынып тасталады. Сондай-ақ, басқару субъектілерінің үш түрі қолданылады: басқарушы компания; кәсіби басқарушы және пәтер иелерінің кооперативі. Тұрғындар кондоминиумды басқару нысаны мен шарттарын еркін таңдай алады. Шешім пәтер иелерінің ортақ келісімі арқылы ғана қабылданып, басқарушы компания таңдалған соң тариф белгіленеді. Тұрғын үйді басқару субъектісі пәтер иелерінен жиналған қаражаттың жұмсалуы туралы ай сайын есеп беруге міндетті әрі оны ақпараттық жүйелерде орналастыруға тиіс. Талап орындалмаса, 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Жобаны әзірлеушілер саладағы бұған дейінгі олқылықтар жойылып, жаңа нормалар көппәтерлі үй тұрғындарының құқығын қорғауды күшейтетіндігін айтады.