Қазақтан шыққан тұңғыш әскери дипломат әйел Гүлбану Тастанбекова туралы бірі білсе, енді бірі біле бермейді. 24KZ телеранасы 8 наурыз әйелдер мерекесіне орай ол туралы арнайы сюжет дайындаған. Қытай тілін жетік меңгерген қазақ қызы әскери салада 25 жылдан бері еңбек етеді.
Гүлбану Тастанбекова қатардағы қызметшіден полковник шеніне дейін көтерілген. Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде бөлім офицерінен бастап, басқарма бастығы лауазымына дейін жеткен. 2023 жылы еліміздің Қытайдағы әскери атташесінің көмекшісі қызметіне тағайындалған.
Ол өзіне үлкен сенім артып, тұңғыш әскери дипломат болуға ұсыныс жасаған қолбасшылығына алғысын жеткізді.
"Әрине жауапкершілік өте үлкен. Ана ретінде де, жұбай ретінде де, мемлекеттік қызметкер ретінде де. Өзіңе сенім артылғаннан кейін оны орындауға тырысу керек. Сонымен қатар әрине отбасын да ұмытуға болмайды. Сондықтан да әрбір адам өзінің алдына биік мақсаттар қою керек. Соған жету жолында тынбай еңбек ету керек", — дейді еліміздің Қорғаныс министрлігінің Қытайдағы әскери атташесінің көмекшісі Гүлбану Тастанбекова.
Қорғаныс министрлігінің Қытайдағы қорғаныс мәселелері жөніндегі атташесі Марат Құсайыновтың айтуынша, Гүлбану Тастанбекова білікті маман, еңбекқор кадр. Барлық дипломатиялық іс-шараларға аса жауапкершілікпен қарайды.
"Оның қазақ тарихындағы тұңғыш әскери дипломат әйел болуы оған артылған жауапкершілікті еселей түседі. Мұндай қыз-келіншектер көп болу тиіс", — дейді Марат Құсайынов.
Гүлбану Ғатиетқызы қызметте дипломат болса, отбасында 4 баланың анасы. 2010 жылы оның жанұясы Астана қаласындағы үлгілі отбасы атанған. Балаларының алды Франция, Оңтүстік Корея елдерінің жоғары оқу орындарын үздік тәмамдаған. Кіші ұлдарын ғылымға және бірнеше шет тілін меңгеруге баулып отыр.
Гүлбану Тастанбекованың жұбайы Таир Есқараев жарын үнемі қолдап отыратынын айтады.
"Бәрі ойлайды. Әйелің полковник болса үйде бәрін сен орындайтын шығарсың деп. Біздің отбасымызда басқаша. Бір-бірімізді қолдаймыз. Отбасы болған соң қолдауымыз керек. Қолдадым, сосын өзім де келдім", — дейді Таир Есқараев.
Гүлбану Тастанбекова спортпен шұғылданады. Волейбол мен үстел теннисінен қорғаныс министрлігінің чемпионы. Мерейтойлық және ведомстволық медальдармен наградталған. Қазақ әдебиетін жаны сүйеді. Бос уақытында саябаққа жиі шығып кітап оқиды.
Айта кетейік, бүгінде Қытай Халық Республикасындағы әскери атташелер корпусында 190-нан астам әскери дипломат бар. Оның ішінде 8-і ғана әйел. Олар АҚШ, Жаңа Зеландия, Зимбабве, Норвегия, Оңтүстік Африка, Франция және Қазақстаннан.