«Наурыз» ипотекалық бағдарламасына 20 мыңға жуық қатысушы өтінім беріп үлгерді

Жобалар

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !

5 наурыздан басталған «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына күні бүгінге дейін 20 мыңға жуық қазақстандық өтінім беріп үлгерді. Оның 11 мыңының құжаты қабылданған. «Отбасы банк» күніне 3 мың өтініш тіркеп жатқандарын айтты. Өтінім беру 31 наурызға дейін «Baspana Market» порталы арқылы жалғасады. Талаптарына тоқталсақ, бағдарламаға қатысам деушінің банктегі шотында кемі 2 млн теңге болуы шарт. Сондай-ақ қарыз алушының және отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда үй болмауы керек. Және 6 ай ресми табысы болуы міндетті. Ипотека рәсімдеудің шекті сомасы Астана мен Алматыда 36 млн теңге, ал өзге өңірлерде 30 млн теңгеге дейін.

Жансұлтан Матай, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Мемлекеттік бағдарлама болғанымен, қажетті қаражат қор нарығынан тартылып жатыр. Яғни бюджеттен бөлініп жатқан жоқ. «Отбасы банкі» өзі әлеуметтік облигацияны шығарып, инвесторларға сатады. Содан түскен ақшадан біз несие беріп жатырмыз. Биыл 7,5-8 мың адам қамтылады деп жоспарланып отыр. Пәтерді өткен жылы 10 мың адам алды. Оның ішінде ешқайсысы мына үйдің сапасы нашар екен деп, кері байланысқа шыққан жоқ.

Иә, биыл платформада 11 мыңнан астам пәтер ұсынылып отыр. Өз пәтерін «Наурыз» бағдарламасымен сатуға ниет білдірген құрылыс компаниялары оның бағасын шектен тыс көтермеуге, орташа нарық бағасымен сәйкестендіруге міндетті. Несие 19 жылға дейін беріледі. Алғашқы жарна екінші нарықтағы пәтер болса — 10%, ал жаңа, бірақ әрленбеген үй болса, сондай-ақ моноқала, ауылдық жерден таңдасаңыз — 20%. Әлеуметтік осал топтарға несие 7%-бен, басқа азаматтарға 9% үстемеақымен есептеледі. «Наурыз» бағдарламасының нәтижесі келесі айдың ортасында жарияланады.

Ақниет Балтанова