Мексиканың Оахака штатында жолаушылар автобусы аударылып, 18 адам қаза тапты, 29 адам жарақат алды, деп жазады Anadolu.
Штат губернаторы Саломон Хара ел астанасы Мехикодан келе жатқан автобустың Митла-Теуантепек тас жолында апатқа ұшырағанын мәлімдеген.
Оның айтуынша, 29 адам зардап шеккен, екеуінің жағдайы ауыр. Барлық жараланғандар ауруханаларға жеткізілген.
Губернатор қаза болғандардың туыстарына көңіл айтып, апаттың себептері анықталатынын атап өтті.
Жергілікті баспасөздің хабарлауынша, қаза тапқандар билеуші «Ұлттық жаңғыру қозғалысы» (MORENA) партиясының жақтастары болған. Олар жексенбі күні Мехикодағы президент Клаудия Шейнбаумның митингісінен қайтып келе жатқан.