Кейінгі 20 жылда Қатар әлемдік келіссөздің астанасы болатын.
Дохада Украин балаларын елге қайтару, АҚШ әскерін Ауғанстаннан шығару, Судан көтерілісшілерімен бейбіт мәмілеге келу бойынша бірнеше келісім жасалды. Тіпті 2023 жылы қазанда ХАМАС шабуылынан кейінгі уақытша бітімге дәл осы Қатарда қол жеткізілді. Израильдің тыныш жатқан білдей бір елдің астанасына соққы жасауы неліктен? Бұл Қатар мәртебесіне қалай әсер етуі мүмкін?
Тек 2025 жылдың шілде айында Қатар 10-ға жуық келіссөзге арағайын ретінде араласыпты. Гардиан басылымының дерегі бойынша, соның ішінде Конго мен Руанданың бітімге келуіне сүбелі үлесін қосқан. Дәл осы Қатарда 2023 жылы ХАМАС Израильмен тұтқын алмасуға келісті. Сол кезде 105 израильдік еліне оралса, Тель-Авив 240 палестиналықты босатқан еді. Ал Израильдің кешегі шабуылы ХАМАС Дохада АҚШ-тың бітім жоспарын қарастырып жатқан кезде жасалды. Әрине, бұл еврей армиясы қозғалыс мүшелерін жою әрекеті дейтіні айтпаса да түсінікті. «Дегенмен мұның басқа да себептері болуы мүмкін», — дейді сарапшылар.
Амос Надан, Таяу Шығыс және Африка зерттеу орталығының директоры:
- Израиль Қатарды делдал болады деп күтті. Бірақ Доха нақты арағайын ретінде әрекет етпеді. Керсінше лаңкестікке демеушілік көрсетуді жалғастырды. ХАМАС-ты Израильге қарсы шабуылда қолдады. Израиль қозғалыс жетекшілерін қолға түсіре алмады. Өйткені Қатар оларды қорғады. Яғни Қатар Израильді алдағысы келді. Сондықтан Доха мен Тель-Авив арасы жақсы емес. Алайда бұл Қатарға емес, тек ХАМАС-қа қарсы жасалған соққы.
Кейінгі 2,5 айда Қатарға осымен екінші рет шабуыл жасалды. 23 маусымда Иран осы елде орналасқан АҚШ-тың әскери базасын бомбалаған еді. Соққыдан ешкім зардап шеккен жоқ. Өйткені америкалық жауынгерлер алдын ала көшірілген болатын. Ал еврей билігінің жоспарын алдын ала білсе де, АҚШ Израильді қолдап отыр. Алайда сарапшылар мұның Америка мен Араб елдері арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етеді деп санайды.
Мона Якубан, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының Таяу Шығыс бағдарламасының директоры:
- Бұл шабуыл АҚШ-тың аймақтағы беделін әлсіретіп отыр. Қатарда Америка Құрама Штаттарының өңірдегі ең ірі әскери базасы орналасқан. Сондықтан осы шабуылдан кейін аймақтағы көп ел өз қауіпсіздігі үшін АҚШ-қа қаншалықты сенім арта алатынына алаңдай бастады. Сондай-ақ «Вашингтон серіктес ретінде дегенінде тұра ала ма?» деген күмән пайда болды. Ең бастысы Америка алдағы уақытта Израильді тоқтата ала ма, жоқ па? Қазір көпті алаңдататын басты мәселе осы.
Сарапшылар Израильдің Дохаға шабуылын саяси қателікке теліп отыр. Олардың айтуына қарағанда, Тель-Аив келіссөз жүріп жатқан кезде соққы жасауы 8 қыркүйектегі терактіден кейін халықтың наразылығын басуға бағытталған қадам.
Жан Көшербаев, ҚазҰУ жанындағы «Аймақтық қатынастарды талдау орталығының» сарапшысы:
- Иерусалимде Таяуда болған лаңкестік актіге жауап ретінде Израильдің ішкі қоғамдық сұранысын қанағаттандыру ретінде қадам жасаған сияқты. Яғни Израильдің қарсыластары қай жерде болса да қолымыз жетеді. Оларды құртуға дайынбыз деген Израиль қоғамына белгі ретінде қарастыруға болады мұны.
Не десек те, сарапшылардың дені Израильдің бұл шабуылы Газа секторында бейбітшілікке жету жолындағы халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін әлсіретті. «Атыс тоқтайтын күнді одан әрі алыстатты», — дейді.
Авторы: Зайнұр Байжігіт