Asar Baspana қаржы пирамидасы 86 мың адамды ₸12 млрд алдаған

Жобалар

86 мың адам Asar Baspana қаржы пирамидасының құрығына ілікті, деп хабарлайды 24kz.

Ұйым тұтынушылық кооператив ретінде жасырын жұмыс істеген. Тергеу барысында пирамиданың 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқаны анықталды. Олар өз салымшыларына ай сайын 30%-ке дейін таза табыс табатындығына сендірген. Алайда төлемдер жаңа қатысушылардың қаржысы есебінен жүзеге асырылған. Осылайша, алаяқтықпен айналысқандар 3,8 млрд теңгені заңсыз иеленді. Күдіктілер салымшыларды алдап, Алматы қаласында құрылыс материалдары мен тігін цехы және медициналық бұйымдар шығаратын зауыт жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеген. Алайда, бұлардың барлығы жалған кәсіпорындар екені анықталған.

Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- 2025 жылғы 9 ақпанда 49 кеңседе және 81 күдіктінің тұрғылықты жерінде тінту жүргізілді. Нәтижесінде 1,1 млрд теңге, Toyota Land Cruiser 300 және Lexus 570 сияқты 10 премиум-класстағы автокөліктер тәркіленді, олар Туғанбаев пен оның жақындарына рәсімделген. Сонымен қатар Ақтау қаласында Туғанбаев Н.М.-ның бауырының үйінен кооперативтің есепшоттарында болуы тиіс 945 млн теңге қолма-қол ақша табылды. 1,2 млрд теңгеден астам сомаға шоттар бұғатталып, тыйым салынды. 2025 жылғы 11 ақпанда Туғанбаев Н.М. мен Байтасов Н-ға қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.