Ақмола облысындағы теміржол вокзалдарында жаңғырту жұмыстары басталды. Қазір 16 вокзал жөнделіп жатыр.
Оның бірі — Көкшетауда, қалғаны аудандарда орналасқан. Әсіресе турист көп келетін станцияларға баса көңіл бөлініп отыр.
Макинсктегі теміржол вокзалы өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Нысан соңғы рет 2004 жылы күрделі жөндеу көрді. Қазір тозығы жеткен ғимарат қайта жаңартылып жатыр.
Әділбек Есназаров, Макинск қаласының тұрғыны:
- Ескі вокзалда енді қиыншылықтар болғанда терезелердің бәрі ескі болды. Жел соғып тұрды. Жаңартып жатқанның аты жаңа ғой. Енді жылы болады деп ойлаймыз. Халық риза.
Айман Қалиева, Макинск қаласының тұрғыны:
- Өте қуаныштымыз. Қанша жыл ремонт істемеген. Енді вокзалымыз әдемі, жан-жақтан келген кісілерге де қолайлы болады деп қуаныштымыз.
Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталды. Қазір жұмыстың жартысы орындалған. Шатыры мен инженерлік желілері толық ауыстырылды.
Игорь Ефимов, құрылыс учаскесінің бастығы:
- Қазір нысанның қасбетін ауыстырып жатырмыз. Еден 70-80 пайыз төселді. Бұл жұмыстар аяқталғасын ішкі әрлеу жұмыстарына кірісеміз. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Негізі жоба бойынша желтоқсан айында тапсыруымыз керек. Бірақ одан ерте аяқтауға тырысамыз.
Ақмола облысы бойынша жыл соңына дейін 16 вокзал жөнделмек. Көкшетау, Бурабай, Макинск сияқты үлкен қалалардан бөлек, ауыл вокзалдары да жаңа кейіпке енеді.
Владимир Кулаков, Жолаушылар тасымалы және автожолдар басқармасының басшысы:
- Өлеңті, Еркіншілік, Сарыоба, Елтай сияқты ауылдардағы шағын вокзалдар да қалпына келтіріледі. Қазір осы 16 нысанды жөндеу үшін екі мердігер анықталды. Олар жобаның бәрін өздері жасап, құрылыс жұмыстарына кірісіеді.
Ал жаңартылған вокзалдарда заманауи күту залдары, интернет, ақпараттық жүйелер мен арнайы сервистер орнатылады. Бұдан бөлек жолаушыларды тасымалдайтын вагондарды да жаңарту жоспарланған. Мысалы Бурабай курортты аймағына қатынайтын пойыздар жаңадан 20 вагонмен қамтылады.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный, 24 KZ