Елімізде 1,3 ГВт жаңа электр қуат көзі пайдалануға берілді

Жобалар

Кейінгі екі жылда елде 1,3 гигаватт қуат көзі қолданысқа берілді.

Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасы бойынша алдағы бес жылда 14 гигаватт жаңа қуат көзі іске қосылады. Энергетика министрі Ерлан Аққенженовтің айтуынша, оңтүстік өңірлерде бірнеше электр станциясы бой көтереді. Министр электр энергетикасы мен жылумен жабдықтау бойынша қуат көздерін көбейту мен жаңғырту жұмыстары белсенді жүріп жатқанын атап өтті.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Биыл тағы 622 МВт іске қосылады, ал 2026 жылға шамамен 2700 МВт жоспарланған. Осы мақсатта жаңа нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Түркістан облысында қуаты 1000 МВт болатын электр станциясын салу жобасы жүзеге асырылуда. Ал Қызылордада қуаттылығы 240 МВт болатын жаңа ЖЭО салу жұмыстары жүргізілуде.