Шымкентте Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған ән фестивалі өтті

Жобалар

Шымкентте Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арнап ән фестивалі ұйымдастырылды. Мерекелік кеште Ұлы композитордың шығармалары насихатталып, қайта жаңғырды, деп хабарлайды 24kz.

Биыл дара дарынның музыкалық мұрасы мен оның шығу тарихы терең зерделеніп, мәдениет мекемелерінде кеңінен дәріптеледі.

Мерекелік іс-шара ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Қатысушылар ұлттың ұлы тұлғасына айналған композиторды еске алып, рухына тағзым етті.

Мөлдір Оңдасынова, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары:

- Мәдениет мекемелерінің барлығында аталып өтіп жатыр және де жылдың соңына дейін кітапханаларда, музейлерде Шәмші атамызға арналған іс-шаралар жалғасатынын бізге жеткізді. Ол кісінің рухани байлығы мәңгілік жасайтын болады.

Рухани кеш мәдени мазмұнға бай ән фестивалімен жалғасты. Әуелі есті әндердің шығу тарихынан сыр шертетін сахналық қойылым көрсетілді. Ал көпшілік сағына күткен шығармасын қосыла шырқап, бір жасап қалды.

Балқынай Нақыпова, қала тұрғыны:

- Осы Шәмші әндерімен өстік қой біз. Мысалы «Арыстың жағасында». Өзім де Арыстың қызымын. Маған ұнап жатыр. Ол кісінің әнін тыңдап, көңілді боп жүрмін.

Гала-концертке жергілікті өнерпаздардан бөлек, елге танымал қайраткерлер де қатысты. Композитордың шығармаларын Азамат Жылтыркөзов, Светлана Айтбаева, Жеңіс Ысқақова, Заттыбек Көпбосынұлы сияқты өнер иелері орындап, кештің көркін қыздырды.

Светлана Айтбаева, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- «Ал енді Шәмшінің бір әнін айтайықшы» деген нәрсені өзіміз де күтіп тұрамыз. Сахнаға шыққанда менімен бірге қосылып отырған көпшілікті көрген кезде кеудемде өте үлкен қуаныш биледі.

Шәмші аллеясында композитордың халық арасында кеңінен тараған шығармасы күнделікті шырқалады. Биыл мұндағы музыка саны артып, есті әндер қайта жаңғыртылды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов