Астанада «Комментатор сөздігі» мен «Редакция стандарты» таныстырылды

Жобалар

Қазақстан» телерадиокорпорациясының қазақ тіліндегі спорт терминдеріне арналған алғашқы «Комментатор сөздігі» мен Корпорация қызметкерлеріне арналған бірыңғай «Редакция стандарты» таныстырылды. Сөздікті дайындауға тілші-журналистер, лингвист ғалымдар мен Корпорация мамандарынан құралған 50-ге жуық маман бір жылға жуық уақыт атсалысты. Жоба түсіндірме сөздік форматында жасалған және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми кеңесінде қаралып, мақұлданды.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы:

Осындай сөздік бізге өте қажет еді. Бізге де, аудиторияға да. Спорт саласына араласып жүрген жас журналистер үшін өте қажетті құрал. Бұған тек біздің комментаторлар, біздің редакторлар ғана емес. 50 шақты лингвист мамандар, ғалымдар, саланың сарапшылары атсалысты. Бұл жерде жалпы алғанда 1200 термин, 15 спорттың ең көп таралған түрлері бойынша. Сондықтан құтты болсын!

Ерсін Ерік, спорт комментаторы:

Біз күткен сөздік болды. Спорт саласындағы мамандарға, комментаторларға бұл таптырмас құрал. Әр эфирде міндетті түрде біз осы сөздік арқылы спорттық терминдерді барынша қазақша аударып, қазақшаландырып, осы сөздікте қалай жазылды, солай қолданатын боламыз.

Ал ұжым қызметкерлерінің ортақ кәсіби және этикалық ұстанымдарын қалыптастыруды мақсат ететін бірыңғай «Редакция стандарты» ақпарат көздерін тексеру, цифрлық қауіпсіздікті сақтау, жасанды интеллектімен жұмыс сынды мәселелерге арналған.

Айта кетейік, құжат «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ресми сайтында жарияланды.

Болат Мүрсәлім, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының директоры:

Бұл сол халықаралық этика нормаларының ешқайсынан кем емес. Ол BBC-дің болсын, ол CNN-ның болсын, ол The New York Times-тың болсын, қай-қайсын алсақ та әлемге өзін мойындатқан медиа құрылымдардың стандартынан кем емес. Мысалға футболдың өз ережесі бар ғой. Барлық спортшы бір ережемен ойнайды. Сол сияқты дүниежүзілік халықаралық журналистиканың ойын ережесі осында жазылған деп есептейміз.

Темірлан Нұрсолтан