Биыл жылыжайдан 200 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр

Жобалар

Елдегі жылыжайлардың 70%-і Түркістан облысында. Онда жыл он екі ай көкөніс пен бақша дақылдарының бірнеше түрі егіледі , деп хабарлайды 24kz.

Одан бөлек, субтропикалық банан, лимон да жылыжайларда өсіріледі. Өңірде жылыжай шаруашылығы қалай дамып келеді? Шаруаларға тиісті мемлекеттік көмек беріле ме? Өнімділік қалай?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Өңірдегі жылыжай шаруашылығының басым бөлігі Сарыағаш ауданында орналасқан. Жергілікті халық жыл он екі ай жылыжайда жұмыс істеп, нәпақасын табады. Дана Мамыштаева құлпынайдың арам шөбін жұлып, тазартады. Ширақ қимылдап, өнімді жұмыс істесең, жақсы табыс табуға болатынын айтады. «Жұмыс ауыр болғанымен, жемісі тәтті», - дейді.

Дана Мамытшаева, жұмысшы:

- Қазір біз құлпынайдың астындағы қураған сабақтарын, қураған түйіндерін жұлып жатырмыз. Ертең бұл құлпынай өсіп, қалыңдап кетпесі үшін. Шөптерін тазаладық. Осы тік тұрып істеген еңбегімізді ақтайды.

Ал Сайрам ауданының шаруалары 2 жылдан бері 5 гектар жылыжайға банан егіп, өнімін жинауда. Мұнда арнайы микроклимат қалыптасқан. Ал топырақ құрамы тропикалық өсімдіктердің талаптарына сай байытылған. Өнім көлемін арттыру үшін тамшылатып суару жүйесі қолданылады.

Ислам Алиев, кәсіпкер:

- Бұдан бөлек, тағы да бір 90 гектарымыз бар. Авакадо, манго, ананас егейін деп жатырмыз, тропикалық, экзотикалық өнім шығарамыз. Біздің түрік агрономдар айтып жатыр «банан шыққан жерде қалған тропикалық жемістерді шығару оңай болады» деп.

Жалпы Түркістан облысында 1640 гектарға орналасқан 3366 жылыжай бар. Оның 63 гектары өнеркәсіптік, 1577 гектары фермерлік жылыжайлар. Мамандар былтыр жылыжай шаруашылығын қолдаудың жаңа тетіктері қаралып, жылыту шығынын субсидиялау ережесі бекітілгенін айтады. Себебі тарифтің қымбаттығына байланысты шаруалар көрші елдерден келетін арзан өніммен бәсекеге түсе алмаған еді.

Ақтөре Түймебек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Біріншісі – фермерлік жылыжайлардың арнайы стандарты бекітілді. Екіншісі – жылытылатын фермерлік жылыжайларға гектарына мемлекеттік қолдау қарастырылды. Өнеркәсіптік жылыжайларға гектарына 8,1 млн теңге, фермерлік жылыжайларға 4,8 млн қаралған. 2024 жылы 3,8 млрд теңге, биылға 4,4 млрд теңге қаржы қаралды. Үшіншісі – жылыжай кешендерін салудағы инвестициялық шығындардың 30%-ін субсидиялау қарастырылды.

Былтыр мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірдегі жылыжай кешендері 150 мың тоннаның ауыл шаруашылығы өнімін өндіріп, республика халқының 42%-ін көкөніспен қамтамасыз етті. Биыл жылыжайлардан 200 мың тона өнім алу жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов