Алматы облысында Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқитын ауыл бар

Жобалар

Алматы облысында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқитын ауыл бар, деп хабарлайды 24kz.

Ол – Хан Тәңірінің баурайындағы Қарасаз ауылы. Елді мекеннің еңбектеген баласынан еңкеңдеген қариясына дейін поэзияға бейім. Тіпті бүкіл ауыл Мұқағали тілімен сөйлеп тұрғандай әсерде қалдырады.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Қазақ поэзиясының Хан тәңіріне баланған Мұқағали ақын жырға қосқан Қарасаз бұл күнде Алматы облысындағы үздік ауылдардың біріне айналған. Еліміз тәуелсіздік алған жылы елді мекенде ақынның әдеби-мемориалды мұражайы ашылды. Мұнда Мұқағалидың көзі тірісінде қолданған заттары мен киімдері, қолжазбалары сақталған. Қазір 1300-ге жуық құнды жәдігер бар. Музей қызметкерлерінен бастап, ауылдық округ әкімі, мұғалімдер, оқушылар мен қарапайым ауыл тұрғындарына дейін Мұқағали өлеңдерін жатқа оқиды.

Мәдина Даубайқызы, М.Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейінің қор сақтаушысы:

- Тәңірім, кеше көрсін, кешірімді,

Аспанға жазам сенің есіміңді.

Шеше, сен бақыттысың, тербете бер,

Құба талдан иілген бесігімді.

Ернұр Сағатбек Алматыдағы оқытушылық қызметін тастап, Қарасаздан этноауыл ашты. Ал журналист Нұрболат Абайұлы соңғы екі жыл бойы Хан тәңірінің баурайындағы аядай ғана ауылда форель шаруашылығын жүргізіп отыр. Екеуінің де алға қойған мақсаты – туған жердегі туризмді түлету.

Ернұр Сағатбек, Қарасаз ауылының тұрғыны:

- Кешір, дос, әзілім бар кейде тегін,

Жер үшін жаралған бір бейнет едім.

Туған жердің құлы емес, ұлымын мен,

Қалай мұны сөйлетем, сөйлетемін

Нұрболат Абайұлы, кәсіпкер:

- Мынау енді үлкен жолдың бойы, мына жерде Қарасаз ауылындағы Мұқағали атамыздың мұражайын көруге ел көп келеді. Оның арғы жағында Тұзкөл бар. Тұзкөлге туристер көп келеді. Соның арқасында, осы туристердің келуінің арқасында сұраныс бар. Сұраныс болғаннан кейін биыл кішкене кеңейтіп, сәуір айынан бастап келіп, тағы да жұмыс жасап жатырмыз.

Қарасаздың спортшылары да Мұқағали өлеңдерін жаттауға құмар. Нұрберген Досберген екі жылдан бері бокспен шұғылданады. Ол осы аз ғана уақыт ішінде облыс чемпионы атанды.

Нұрберген Досберген, бокстан облыс чемпионы:

- Шындық көзге шұқиды қашаннан да,

Шыбын жаның шындықтан қаша алған ба?

Ақиқаттың үкімі жасалғанда,

Қолға тұрар ноқтасыз асаулар

Әдемі Дарханқызы, «Мұқағали оқулары-2024» байқауының бас жүлдегері:

- Қаратаудың басынан көш келеді,

Қара жорға шайқалып бос келеді.

Қара күнді жамылып қара қазақ,

Қара түнді басынан кешкен еді.

Қара қайғы көрсетпей ештеңені,

Қара жауы қанатын кескен еді.

Шұлғау болып қыздардың кестелері,

Талай қара шаңырақ өшкен еді.

«Райымбек! Райымбек!» поэмасынан үзінді оқыған Әдемі Дарханқызы былтыр республикалық «Мұқағали оқулары» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған еді. Биыл Атыраудан келген Нұрмерел Нұралы есімді оқушы ақынның 351 өлеңін жаттап, республикалық байқаудың бас жүлдесін қанжығаға бөктерді. Бұл өзі туралы «Мен – XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтарының туысымын да…» деп жазған Мұқағали өлеңдерінің ескірмейтінінің, қайта қай заманмен де үндесіп отыратындығының дәлелі болса керек...

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов