Қазақстанда спорттағы әдеп ережелері өзгерді

Жобалар

Спорттағы әдеп ережелері қайта бекіді. Бірақ бәлендей өзгеріс жоқ. Осыдан 5 жыл бұрынғы нормаға сай техникалық сипаты мен құжаттың мазмұны сол күйі сақталған. Тек терминдер нақтыланды. Сосын бұрынғы атауларға қазір басқаша анықтама беріледі. Мысалы, «ұлттық құрама команда» енді «Қазақстанның спорт түрі бойынша ұлттық құрама командасы» деп өзгертілді. Ал «бұқаралық ақпарат құралдары» орнына «масс-медиа» термині қолданылады. Сондай-ақ «спорт төрешісі» ұғымы енгізіліп, оның өкілеті мен кәсіби талаптары айқындалған.

Дей тұрғанмен кей мәселенің мәнісін түсінбей даурығып жүргендер бар. Яғни ешкімнің діни сенім бостандығына шектеу жоқ. Тек спортта діни үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынған.

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары:

- Нақты қағида жазылып тұр. Өзінің дінге байланысты көзқарасын басқа адамдарға насихаттап, басқа адамдарды тартуға болмайды. Неге десеңіз, себебі олимпиадалық хартияда жазылған. Ең бастысы Конституцияда жазылған. Сосын діни басқа заңдарда көзделген.

Сондай-ақ құжатта спортшыларға әнұранның сөзін жатқа біліп, ырғағынан жаңылмауы тиістігі жазылған. Бұл ел азаматтығын алған спортшыларға қатысты да қатаң талап. Қорыта айтқанда, спорттағы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру нормалары түзілген.