Қостанайда жаңа оңалту орталығы ашылады

Жобалар

Қостанайдағы бұрынғы Президент резиденциясын мүгедектігі бар балаларды оңалту орталығына айналдыру жұмысы аяқталып қалды , деп хабарлайды 24KZ. Нысан аумағындағы 7 корпустың барлығы балалардың жатып, ем-дом қабылдауы үшін қайта жарақталды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 352 миллион теңге бөлінді. Ал оңалту құрал-жабдықтарын алуға «Қазақстан халқына» қоры бір миллиард теңге берді.

Орталық алдағы күзде ашылады деп жоспарланып отыр. Оңалту мекемесінде психоневрологиялық ауытқуға ұшыраған және тірек-қимыл қозғалысына зақым келген 18 жасқа дейінгі балалар емделеді. 60 орындық орталық жылына 1200 адамды қабылдай алады.

Әлия Мекебаева, облыстық Әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл орталықтың бірегейлігі неде? Біріншіден, 20 гектарлық аумақ жасыл желекке оранған. Яғни бала ата-анасымен табиғат аясында демалып, күш-қуат жинайды. Екіншіден, қымбат, заманауи оңалту құрал-жабдықтары балалардың денсаулығын түзеуге игі септігін тигізеді деген ойдамыз.