Қызылордалық ару Дубайда органикалық таза иіс су жасап шығарды.
Оның құрамында бірде-бір химиялық қоспа жоқ. Әтірдің жаңа түрі Таяу Шығыс елдерінде таныла бастаған. Автор әмірлікте өз дүкенін ашып үлгірді.
Қазақ қызы ойлап тапқан таңдаулы парфюм араб қыз-келіншектеріне арналған. Кейінгі 5 жылдан бері Дубайда тұрып жатқан Әйгерім Ақбай осы шаруаның иінін келтіріп, қисынын тапқан. Қарамағында бірнеше адам жұмыс істейді. Әтірдің 40-тан астам түрін сатумен айналысады. Соның ішінде шашқа арналған иісмай да бар. Ерекшелігі, парфюм органикалық таза, химиялық қоспасыз әзірленген. Өнімді кез келген қыз-келіншек қолдана алады. Жергілікті араб әйелдерінен бөлек іргедегі Қатар, Оман, Кувейт және Бахрейннен тапсырыс түсіп жатады.
Әйгерім Ақбай, парфюмер:
- Шынымен шашқа пайдалы және ішіне кастор майын қосып, қауіпсіз, хош иісі шығатындай, пайдалы болатындай жасадық. Тұтынушыларымыз жақсы көреді. Әр суға түскеннен кейін қолданатын бір хош иісті алады.
Әйгерімнің әтірге авторлық құқығы бар. Ресми дүкен іске қосылғалы 200 мың данасы сатылыпты. Өнім әмірліктегі зауыттың бірінде шығарылады. Отандасымыздың қолынан шыққан туынды көп ұзамай Таяу Шығыс нарығынан да асуы мүмкін. Себебі іскер әйел мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Тұтас әлемге сән ғана емес, емдік мақсатта қолданылатын өнімдерін көптеп ұсынуға ниетті.
Әйгерім Ақбай, парфюмер:
- Әлемнің әр бұрышынан келетін туристер бар, арабтар бар. Бахрейн, Кувейт, Марокко арабтары осы жерге келіп, шопинг жасағанды ұнатады. Қазір сәл тыныш. Себебі Рамазан айы.
Айта кетейік, сауда орыны өткен жылдың қазанында жаңа брендтік атаумен қайта ашылған еді. Салтанатты рәсімге қазақтың біраз іскер топ өкілдері қатысып, қолдау көрсеткен. Қызылордалық арудың бизнесі Дубайдың танымал жәрмеңке алаңында орналасқан. Қазір мұнда туристік маусым қызып жатыр. Сондықтан келушілер қарасы қалың.
Рауан Мыңбай