Туристік ұйымдарға қойылатын талаптар жаңартылды

Жобалар

«Экологиялық туризмді дамыту қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтуға жол ашады». Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асуына қатысты өткен Үкімет отырысында осындай мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, бұл бағытта «Таза тән, таза жан, таза сана» қағидаттарына негізделген бірқатар шара атқарылып жатыр.

Мәселен, экотуризмді дамыту үшін 2017 жылы бекітілген ұлттық стандарт жаңартылды. Ол халықаралық тәжірибеге, жаһандық тұрақты туризм кеңесінің ұсынымдарына негізделген. Құжатта туристік қызмет сапасына, экологиялық өнім мен көлікке, биоалуандық пен мәдени мұраны сақтауға және табиғатты тиімді пайдалануға қойылатын талаптар көрсетілген. Онда алғаш рет «экологиялық туризм» және оның қағидаттары туралы ұғымдар енгізілді.

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Туристік ұйымдарға қойлатын талаптар да жаңартылды. Бұл стандарт табиғатты қорғау мен туризм инфрақұрылымын дамыту арасында тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, барлық тараптар үшін ортақ ережелер қалыптастырады. Ауылдық туризмді дамыту – біздің маңызды бағыттарымыздың бірі. Бұл тек мәдениетті және дәстүрлі өмір салтын сақтауға емес, сонымен қатар өңірлердің тұрақты дамуына мүмкіндік береді.