Әбиба Әбужақынова әлемдік рейтингте көтерілді

Жобалар

Әбиба әлемдік рейтингте көтерілді. Халықаралық дзюдо федерациясы Венгрияның Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатын қорытындылап, үздіктердің тізімін жаңартты, деп хабарлайды 24kz.

Оған сәйкес әйелдер арасында ең жеңіл салмақта өнер көрсететін Әбиба Әбужақынова екі саты жоғарылап, екінші орынға жайғасты. Оның еншісінде 5662 ұпай бар. Топ басына италиялық Ассунта Скутта шықты. Әбиба мен Ассунта арасын 300 ұпай бөліп тұр.

Айта кетейік, жылдың басты жарысы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қоржынына бір ғана күміс түсті. Оны 48 келідегі Әбиба Әбужақынова жеңіп алды. Ол финалға дейін жетіп, ақтық сында жоғарыда айтқан Ассунта Скуттаға есе жіберді. Күміс жүлденің өзі біз үшін тарихи жетістік саналады. Өйткені Әбиба қазақ қыздарының арасынан алғаш болып осындай дәрежеге жетіп тұр. Аталмыш жүлденің арқасында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 11-ші орынға тұрақтады. Жаңартылған рейтингте Әбибадан басқа спортшыларымыздың көрсеткіші әлдеқайда төмен.